Алматы облысындағы ауылдарға мобильді медицина жабдықтары берілді
Алматы және Жетісу облыстарының жеті ауруханасына 18 мобильді ультрадыбыстық жүйе берілді.
Мобильді құрылғы науқастарға емдеу мекемелерінен тыс жерде, яғни оқиға орнында немесе жедел жәрдем көлігінің ішінде зерттеу жасауға қолайлы. Заманауи құрылғылар Philips Foundation халықаралық коммерциялық емес ұйымы мен «Сәби» қорының қайырымдылық жобасы аясында алынған.
Талғар аудандық орталық ауруханасы үш күн бойы Алматы және Жетісу облысынан келген дәрігерлердің оқу орнына айналды. Philips Foundation халықаралық коммерциялық емес ұйымы мен «Сәби» қоры емдеу мекемелеріне мобильді ультрадыбыстық құрылғыны тапсырды.
Жанетдин Шутанов, "Филипс Қазақстан" ЖШС денсаулық сақтау жобаларының жетекшісі:
- Мобильді ультрадыбыстық аппаратпен 3-5 минуттың ішінде науқасқа диагностика жасап, жағдайын біле аламыз. Осындай медициналық жабдықты қолдану диагностикамен бірге емдеуді де жеңілдетеді.
Акушер-гинекологтар, анестезиологтар, травматологтар, кардиологтармен басқа да дәрігерлер жүйені қызыға зерттеп, өз бағаларын берді.
Нұрлыбек Омаров, дәрігер-хирург, хирургия бөлімінің жетекшісі:
- Ерекше аппараттың біз үшін пайдасы көп. Әсіресе көп жарақат алған кезде қажет. Қазір ультрадыбыстық зерттеу FAST-хаттамасы бойынша қалай жасалатынын көре аласыздар. Яғни көп жарақатпен ауруханаға түскен пациентті бірден қабылдау бөлімінде тексере аламыз.
Ләззат Ақтаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруда тәжірибесі мол Philips Foundation ұйымының енді біздің аймақта медициналық көмек сапасын жақсартуға атсалысып отырғанын жоғары бағалаймыз.
Алматы облысы халқының 95 пайызы ауылда тұрады. Енді жаңа технологиялар оларға да қолжетімді бола түсті.
Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон