Абай облысы мен Шыңжаң - Ұйғыр автономиялы аудан арасында сауда қатынастары нығаяды

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас нығайып келеді.

Бүгінде екі елдің өңірлері де экономикалық байланысты дамытып отыр. Мәселен, бүгін Абай облысы мен Шыңжаң - Ұйғыр автономиялы ауданының делегациясы тиісті құжатқа қол қойды.

Абай облысының әкімдігі мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң - Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясы екіжақты ынтымақтастыққа қол қойды. Кездесу барысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қытай өңірдің негізгі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Мәселен, бүгінде «Аягөз-Бақты» теміржолының стратегиялық маңызды нысанын салу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. 

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен «Бахты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу жоспарланып отыр. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына және көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға тың серпін береді. Біздің басты аймақтық міндетіміз Мемлекет басшыларының уағдаластықтарын толық іске асыру жөнінде кешенді шаралар қабылдау. Өз тарапымыздан аталған жобаларға барынша қолдау көрсететін боламыз. 

Жалпы Қытай мен Абай облысы арасындағы тауар айналым осы жылдың тоғыз айында 250 миллион АҚШ долларына тең болды. 

Достық Талғатұлы, Медет Өмірханов