Қостанайда 108 отбасы баспаналы болды
Қостанайда 108 отбасы жаңа пәтер кілтіне ие болды.
Олардың дені – зейнеткерлер, мүгедектер, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен көпбалалы отбасылар. Баспаналы болғандардың бірқатарына облыс әкімі пәтер кілтін өзі тапсырды. Айтулы мереке Республика күнімен тұспа-тұс келген қоныс той қуанышына біздің тілшіміз де куә болды.
Көптен күткен баспаналарына қол жеткізген жандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – көпбалалы Ләззат Қапабаева. Оның 5 баласы бар. Үлкені 22-де болса, кенжесі 4 жаста. Үйелмелі-сүйелмелі сол кішкентайларымен 4 жылға жуық пәтер жалдап келген. Енді оның бәрі артта қалды.
Ләззат Қапабаева, қала тұрғыны:
- Бір жақсы жолдастарымыз айтқан, осылай көпбалалы аналар кезекке нетіп жатыр. Облыстық әкімдікке барып, кеңестен өтіп, сол құжаттарымызды жинап, бүгін кезек келді. Аман-есен бүгін енді той болып жатыр. Жеттік осы күнге.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қостанайда биылдыққа жалға тапсырылып жатқан бұл – үшінші көпқабатты үй. Барлығы 273 пәтер. Жыл аяғына дейін Әуежай шағын ауданында тағы бір 9 қабатты үй пайдалануға беріледі.
Ғабит Бектабанов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының м.а.:
- Биыл, одан бөлек, қалалық құрылыс басқармасы 40 пәтер сатып алады. Оның бәрі алдымен тұрғын үй бөлімінің балансына беріледі. Содан кейін кезекте тұрғандарға таратамыз.
Салтанатты шарада облыс әкімі тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, игі лебізін білдірді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- «Баспана – бақыттың кілті» деп бекер халқымыз айтпаған. Сондықтан кез келген адамның, кез келген отбасының үлкен арманы осылай баспанлы болу емес пе?! Мінеки, сол бүгінгі қуанышқа ие болып жатырсыздар. Құтты болсын.
Биыл Қостанай қаласында 33 көпқабатты үй тұрғызылды. Ал алдағы 5 жылда 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз 80 мың адам баспаналы болады деген сөз.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.