Достық станциясында көлік-логистикалық орталық ашылды
Жетісу облысының Достық стансасында заманауи көлік-логистикалық орталық іске қосылды.
"ЕТТ Достық" компаниясының бұл нысаны жылына 450 мың контейнер өткізуге арналған. Ауқымды жоба мемлекет басшысының көлік-логистикалық сала әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асты. Жаңадан ашылған әмбебап кешен Қытай мен Қазақстан, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тауарлық алыс-берісті бірнеше есеге арттырады.
Логистикалық орталықтағы екі кранмен тәулігіне 1600 контейнер тиеледі. 41 тонналық жүк көтеретін озық үлгідегі техника Жоңғар қақпасының секундына 28 метр жылдамдықпен соғатын желіне қарамай жұмыс істей береді. Шекара шебіндегі аймақта мұндай технология алғаш рет қолданылып отыр.
Сергей Гордиенко, "ЕТТ Достық" ЖШС директоры:
- Кранды технологияның өзіндік құны жоғары болғанымен қыста кездесетін көп проблемадан құтыламыз. Өз қаражатымызды салдық, «Береке банк» арқылы несие қаражат тартық. Ал «Даму» қоры несиемізді субсидиялап, үлкен қолдау көрсетті.
18 гектарды алып жатқан кешенде үш қабатты ғимарат салынған. Мың метрден асатын темір жол желісі және 800 контейнер қоятын орын бар. Өзге де тауарларды тасымалдауға мүмкіндік қарастырылған. Логистикалық орталықтың іске қосылуымен жүзден аса адам жұмысқа қабылданды. Бұл «Достық» станциядағы бесінші терминал.
Мақсат Мәмбетқұлов, "Достық" станциясының бастығы:
- Жаңадан ашылған терминал Қазақстан Республикасына үлкен көмек. Қытай мемлекетінен жүкті қабылдауға жақсы. Әсерін тигізеді. Ол 20 пойызға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз болады. СКЛ Былтыр Достық пен Алтынкөл арқылы 23 млннан аса жүк жасағанбыз. Рекорд. Биылғы жылы одан да жақсы келе жатырмыз.
Терминалды дамытудың үш кезеңдік жоспары жасалған. Соған сәйкес оның мүмкіндігі ұлғайтылатын болады. Еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға биылғы Жолдауда баса мән беріліп, мемлекет басшысы «Достық-Мойынты» бағытында темір жол құрылысын сапалы аяқтауды тапсырған болатын. Жоба жүзеге асқанда Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар тасымалы екі жарым есеге артатын болады.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев