Атырау облысы Индер ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Биыл 192 пәтерлі 2 көпқабатты үй тапсырылды.

Келер жылдың наурыз айында тағы 160 отбасы баспаналы болады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асып жатқан жоба алдымен көпбалалы, асыраушысынан айырылған отбасылар мен түрлі топтағы мүгедектерге арналған.

6 балалы Оразовтар отбасы жаңа қонысқа көшіп келгелі тағы жанға толықты.  Бұған дейін 3 жылдай үй жалдап жүрген Бейбіт пен Қойсын биыл баспаналы болды.

Қойсын Садықова, көпбалалы ана:

- Бұл үй жалдамалы. Ай сайын 8 мыңдай ақша төлейміз. Өте қолайлы енді. Қолжетімді баспана деп айтуға болады. Осы үйде алтыншы баламыз Зейнұр келді дүниеге, соның несібесі деп айтамыз ғой енді.

Аудандық әкімдік бектікен жоба бойынша бұл ауданда 20 көппәтерлі үй салынуы керек. Қазір 7-еуі салынып жатыр. 80 пәтерлі 2 үйдің құрылысы келесі жылдың наурыз айында аяқталуы тиіс. Жаңа баспаналар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына жалдамалы пәтер ретінде беріледі.

Шапағат Ғаббасов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша 5 санатқа бөлінген: жетім балалар, осал топ, көпбалалы аналар, сонымен қатар апаттық үйлер, бесінші, бюджетттік мекемелерде жасайтын адамдар. Пәтер алудың механизмі жалпы пропорцианалды бөлінетін болады. Жылда пәтер берілген уақытта бағдарламаға байланысты айына бір отбасының төлейтіні 10-11 мың теңгеден шығады. 

Индер ауданы бойынша үй кезегінде 1600-дей отбасы тұр. Қазіргі құрылыс қарқынына қарап олар алдағы 3 жылда толықтай баспанамен қамтылады. Жергілікті билік пәтерге мұқтаж жандардың сұранысына орай осы ықшам ауданда 320 орындық мектеп, 200 балаға арналған балабақша және спорт кешені салуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.