БҚО-ның Теректі ауданы 90 жылдығын атап өтті

Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданы осыдан бірнеше жыл бұрын бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша үздік атанған.

Ауыл шаруашылығы алға басып, экономикасы өркендеген аймақтың құрылғанына биыл 90 жыл. Теректіліктер осы айтулы күнді атап өтті.

Теректі ауданы қос құрлықты қақ жарып ағатын Жайықтың Бұқар бетінде тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жері құнарлы, елі бақуатты. Қай кәсіппен де шұғылдануға қолайлы мекен. 15 округте 40 мыңдай тұрғын бар. Халықтың 96% көгілдір отынмен қамтылған, 24 елді мекенге таза су тартылған. Өзге де жетістіктер жетерлік.

Әлия Мұханбетжанова, Теректі ауданының әкімі:

- Биылдың өзінде 25 шақырым жол жөндеуден өтіп жатыр, 4 мектеп салынып, 3 жаңа медициналық нысан бой көтеруде. 23 отбасы жаңа пәтер иесі атанса, 38 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұның барлығы елдің тыныштығы мен тұрақтылығының арқасы.

Той – халық қазынасы. Ауданның 90 жылдық мерейтойына осы топырақтан шыққан танымал тұлғалар мен әр жылдары ауданда қызмет еткен жандар шақырылды. 

Дариға Мұштанова, Теректі ауданының тұрғыны:

- 22 жыл осы ауданда тұрып келе жатырмын. Қалай өзгергені көз алдымда. Әдемі-әдемі табыстар,  әдемі-әдемі белестер өтіп жатыр. Ұлт мінезі, қазақылық қалыптасты мына тәуелсіздік жылдарында. Теректінің ертеңі бүгіннен де көркем болады деп ойлаймыз! 

Ерік Ахметов, Теректі ауданының құрметті азаматы:

- Халықтың көңіл күйі керемет. Осы біздің аудан облыс көлемінде рухани жағынан, экономика жағынан алдыңғы қатарлы аудандардың бірі болып келе жатыр. Осы елдің ырыздығы, несібесі таусылмасын, мейрамымыз құтты болсын! 

Аудан мерекесі дала қызықтарына ұласты. Бәйгеде қара үзіп келген  тұлпарлардың иелеріне автокөліктер, балуандарға ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов