«100%» фильмі жарыққа шықты

«100 процент» деп аталатын фильм жарыққа шықты.

Картина қазіргі қоғамдағы ең түйткілді мәселе несие туралы ой қозғайды. Тұсаукесер Алматыдағы Chaplin Mega кинотеатрында өтті. Комедия жанрында түсірілген фильм қалың көпшілікке арналған. Режиссер оны бүкіл отбасы болып көруге кеңес береді.

Алина есімді қыздың қолына кездейсоқ ерекше бір телефон түседі. Смартфон адамның бүкіл арман-тілегін орындай алады. Талабы өте қарапайым. Қажет нәрсенің қасына барып суретке түсіп, әлеуметтік желіге салса жеткілікті. Бойжеткен осыны пайдаланып, барлық тұрғынның несиесін төлемек болады. Сөйтіп, сан алуан оқиғаларға тап болады. Режиссер Марлен Кейкішев несиеге қатысты мәселеден тыс қала алмадым дейді. Ол халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге өнер адамдары да атсалысу керек деп санайды.

Марлен Кейкішев, режиссёр:

- Картина адам бойындағы қайырымдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді насихаттайды. Қазір несие алмаған адам ілуде бір кездесетін шығар. Өте өзекті тақырып. Оның үстіне бәріне жақсы таныс. Сондықтан болар актерлар да бар ынтасымен жеңіл ойнап шықты.

Картина отбасылық құндылықты, қаржылық жағынан сауатты болуды, осы тұрғыдан білім алуды насихаттайды. Өзінің мүмкіндігін саралай білуге жол сілтейді.

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 9 млн халық – несие алып жүргендер. Оның ішінде несие алған, бірақ қайтара алмайтындай 90 күн қайтара алмай жүрген адамдар бар. Ол – үлкен проблема. Сондықтан оны жан-жақтан атсалысып шешуіміз керек. Біз Парламент жағынан бірнеше өзгерістер енгізейін деп жатырмыз заңға.

Фильмде Әнел Наркенова, Томирис Жанғазинова, Анара Батырхан, Ержан Нұрланов сияқты актерлар ойнайды. Картинаны барлық кинотеатрлардан көруге болады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.