Қостанай облысында алыс ауылдарға ауызсу жетті

Арқалық қаласының аумағында ірілі-ұсақты 18 ауыл бар.

Соның тең жартысы бүгінде орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Биыл тағы 3 елді мекен сапалы ауызсумен қамтылмақ. Одан бөлек, жыл аяғына дейін Ашутасты және Аңғар ауылдарының су құбырын жаңарту көзделіп отыр.

Фурманов – Арқалықтағы тірек ауылдардың бірі. Мұндағы халық бұрын тасымал суды тұтынған. Қазір өркениет игілігінің рахатын көріп отыр.

Қадиша Ахметбекова, Фурманов ауылының тұрғыны:

- Пайдалануға суды котлованнан әкелетінбіз. Қазір жақсы, енді су кіріп тұр үйімізге, ешқандай проблема жоқ. Қалаға бармай отырғанымыз да сол енді, әзірше ауылда тұрғымыз келеді. Осы жерде өсіп-өндік.

Фурмановта 1500-ге жуық халық тұрады. Мектеп, мәдениет үйі, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Балғабай Бақтыбаев, Фурманов ауылының тұрғыны:

- Бұрын, мысалы, далаға бөшке қойып, бөшкеге ол тракторға, мысалға, 5 мың, 10 мың тенге ақша беріп амалдаған. Қазір мынау кез келген үйге барсаңыз да, бәрінде осында су ағып тұр. Міне, ыстық, жылы су, міне, көріп тұрсыздар өздеріңіз де, Былай етсе – мұздай, былай етсе – жылы.

Мұнда су тарифы да басқа өңірлерге қарағанда көп төмен. Бір текше метріне 30 тенге ғана төлейді. Қалған бөлігі бюджет есебінен субсидияланады.

Қазима Махамбетова, Фурманов ауылының әкімі:

- Тұрғындардың көші-қоны тұрақтанды. Қазір ешкім кеткісі жоқ. Қайта көшіп келіп жатқандар бар.

Келер жылы тағы бір ауылға орталықтандырылған су жүйесін тарту жоспарланып отыр.

Өміржан Әбдібеков, Арқалық қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м. а.:

- Қазіргі таңда жоба жүргізіліп жатыр. Ол – Молодежный ауылына су құбырын жүргізу. Алла жазса, осы жылдың аяғына дейін экспертизаның, сараптаманың оң қорытындысын аламыз. Содан кейін осы жұмысты келесі жылы да жүргіземіз бе деп жоспарлаудамыз.

Ал облыс бойынша биыл 19 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Соның нәтижесінде ауылдардың сапалы ауызсумен қамтылуы 87%-ке жуықтайды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.