Қазақстан - Сан-Марино: жанкүйерлер ұлттық құраманы қызу қолдады
Футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына бір табан жақындады.
Стадионды лық толтырған жанкүйерлер де жеңіске еселі үлесін қосты. Сәт сайын қолдаудын үзбей, аяқдопшыларды алға сүйреді. Ал матчтан кейін трибуналарды тазалап, игі іс жасады.
Тарихи ойын. Осыдан болар жанкүйерлер матчқа бірнеше сағат бұрын «Астана-Аренаның» айналасына жинала бастады. Қызығушылық өте жоғары. Себебі кәрі құрлықтың басты додасына шығуға бір қадам ғана қалды. Осы орайда жанкүйерлер де жаңа бастама көтеріп, спорт белсенділері одақ болып бірікті. «Енді жанкүйерлердің қолдау мәдениетін қалыптастырсақ», - дейді олар.
Әзиз Жұмаділ, Қазақстан жанкүйерлер одағын құрудың бас бастамашысы:
- Алдағы уақытта спорттың барлық түрінен бұл одақ жұмысын жасайды. Іште де, сыртқы аренада да қолдауға тырысамыз және бұл жерде жанкүйерлер оданғын құра отырып, біз жанкүйрелер этикасын, кодексін, мәдениетін қалыптастырғымыз келеді.
Стадионға 30 мыңнан аса жанкүйер жиналды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Олар арнайы орынға жайғасып, матчты еш кедергісіз көрді.
Ардақ Отарбаев, «Дос» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
- Көңіл күйіміз тамаша, көңіл күйіміз жеңіске арналған. Футбол матчтарын жиі көріп тұрамын, Осы Астана қаласында болған кезде келуге тырысамын.
90 минут бойы жанкүйерлер ұлттық құраманы қызу қолдады. Ал матч аяқталған соң еріктілер трибуналарды қоқыстан тазартты. Енді жастар ұдайы, әр матчтан кейін осы игі істі жалғап, жанкүйерлік мәдениетті қалыптастыруға үлес қоспақ.
Авторлары: Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев.