Жаңа автобустар жолға шығады
Тараз автопаркі жаңа автобустармен толықты. Аймақ басшысы жүргізушілерге 35 қоғамдық көліктің кілтін табыс етті.
Облыс орталығында көлікті жаңарту есебінен жолаушылар тасымалының сапасын ішінара жақсарту көзделіп отыр.
Бүгінде Тараз қаласында жүздеген автобус жетіспейді. Мәселе қашан шешіледі?
Облыс орталығында 15 бағыт бойынша 200 автобус жетіспейді. Жолаушылармен бетпе-бет жүздескен өңір басшысы ахуалмен танысып, қоғамдық көліктің тапшылығы мәселесін шешуді тапсырған еді. Нәтижесінде Тараз қаласының автопаркі 35 автобуспен толықты.
БЛИЦ:
- Халыққа да жақсы, сыйымдылығы да жақсы. Комфортқа да. Ішінде шум жоқ. Тыныш. Үлкен қалалардың автобусындай.
- Қазіргі анау 9 деген 8 деген жақсы автобустар жүріп жатыр. Іші жып-жылы сидениясы бәрі жылы. Өте ыңғайлы. Енді ләжі болса қаланың барлық автобусы сондай болса, халыққа қандай ыңғайлы болар еді.
Жаңа автобустар автопаркті ішінара жаңартуға және аралық уақытты қысқартуға сеп болады, - дейді жергілікті билік өкілдері.
Тасымалдау саласында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық көлік жүргізушісі Арыстанбек Айдарбеков берілген көліктердің заманауи және ыңғайлы екенін алға тартты.
Арыстанбек Айдарбеков, автобус жүргізушісі:
- Автобуста барлық жағдай жасалған. Халыққа арналған деп айтса да болады, өте жақсы, жылы. Бәрі халық үшін істелген.
Автобустарды тасымалдаушылар сатып алды. Олардың шығынын субсидиялау есебінен қалалық әкімдік жабады. Өткен жылы 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражат төленді.
Рашид Пірманов, "Әулиеататранспасс" ЖШС директоры:
- Биыл біз 20 автокөлік сатып алдық. Оның 15-і Қытай мемлекетінде шығарылған және бесеуі Ресей автокөліктері. Қазіргі таңда 15 автокөліктің құны 700 млн тұрады. 5 автокөліктің құны 112 млн тұрады. Оны біз өзіміз екінші деңгейлі банк арқылы несие арқылы алып жатырмыз. Мемлекет тарапынан биыл қолдау көрсетіліп жатыр.
Қоғамдық көлік тапшылығы мәселесін жергілікті билік 2025 жылға қарай шешеміз деп отыр.
Мерей Бает, Достық Талғатұлы, Тимур Сейлхан, Эльдар Байділда, «24.KZ», Тараз.