Түркістан облысында 46 мың тұрғын газбен қамтылды

Жаңа жыл қарсаңында Түркістан облысында 46 мың тұрғыны бар 19 елді мекен мен 3 мөлтек ауданға газ берілді.

Көгілдір отынға қол жеткізіп, өркениет игілігін көрген ауылдардың бірі – Сауран ауданына қарасты Бершінтөбе ауылы. Аймақ басшысы арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Шәрібан Усманова – Бершінтөбе ауылының тұрғыны. Бүгін шаңырағына газ келіп, қуанышы еселеніп жатыр. Көгілдір отынды көптен күткен отбасы: «көмір жағудың машақатынан құтылатын болдық», - дейді. 

Шәрібан Усманова, Бершінтөбе ауылының тұрғыны:

- Газ кіріп, үйіміз жылынып қалды. Көмірден құтылдық. Келінім де таңнан кешке дейін от жағып, күл шығарып жүретін еді. Жақсы болды. Бәріңе рақмет айтамын.

Сауран ауданына қарасты 36 елді мекенде 105 мыңдай халық тұрады. Оның ішінде 34 мың тұрғыны бар 11 ауыл  көгілдір отынмен қамтылған. Келер жылы тағы 10 елді мекенді газға қосу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Бүгін облыстағы 46 мың тұрғыны бар 19 елді мекен мен 3 мөлтек аудан көгілдір отынға қосылды. Сонымен қатар «Кирово», «Жетісай» автоматты газ тарату станциялары пайдалануға берілді.

Нұржан Түймебаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры:

- Мемлекет басшысының халықты тіршілік көзімен 100% қамту саясатына орай облыс әкімінің тапсырмасымен биыл 107 нысанның құрылысы аяқталып, 62 нысан пайдалануға берілді. Ол дегеніңіз 115 мың халық көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Ол облыстағы энергетика басқармасы, «Қазақ газ», «ҚазТрансГаз Аймақ», «Интергаз Орталық Азия» АҚ жұмыла жасаған жұмысының арқасында жүріп отыр.

Қазіргі таңда облыстағы 832 елді мекеннің 515-і көгілдір отынмен қамтылған. Яғни, халықтың 78% немесе 1 млн 653 мың тұрғын табиғи газға қосылған. 2027 жылға дейін өңірдегі елді мекендерді 100% газбен қамтамасыз ету күтіліп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.