Қызылорда облысында құс фабрикасы ашылды
Қызылорда облысында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды.
Әлеуметтік маңызды өндірісті ашуға жұмсалған қаржының бір бөлігін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы Аграрлық несие корпорациясынан алған. 25 гектар аумақты алып жатқан кешеннің ерекшелігі неде?
Қызылорда облысында алғашқы құс фабрикасының ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Кешенде инкубациялық бөлім, 60 мың құсты бордақылау, сою және қалдықты қайта өңдеу цехтары бар. Өндіріс толық жаңа технологиямен жабдықталған.
Марлен Нәбиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Жобаның маңыздылығы, Қызылорда облысы бойынша 1500 тонна құс еті өндіріледі. Құс еті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне кіретін болғандықтан, облысқа өте маңызды инвестициялық жоба деп санаймыз.
Жаңа фабрика өңірдегі құс етіне сұраныстың 25%-ін қамтамасыз ете алады. Мұнан бөлек, өндіріс қалдығынан жемге арналған арнайы қоспа әзірлеп, шетелге экспорттайды. Тіпті қалдық суды да пайдаға жаратады.
Нұрлан Іздібаев, құс фабрикасының директоры:
- Ирандағы көрген технологияны осы ауылға әкеліп салып, қазіргі кезде қалдықтарды қалдырмау жөнінде осы бүкіл бөлімдер жұмыс жасап жатыр. Одан шыққан судың протеині, жоғары егістікке жарайтын суды шығарамыз.
Жалпы еліміз бойынша Аграрлық несие корпорациясы ҚазАгроҚаржының үлесін қоса есептегенде 28 құс фабрикасын қаржыландырған. Қазіргі таңда осы құс фабрикалары елімізде өндірілетін құс етінің 30%-ін қамтамасыз етіп отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.