ТЖ жарияланған аймақтарды газбен қамтуда іркіліс жоқ
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында тасқынға тосқауыл қою кезінде газ құбырлары зақымданып, тұтас ауыл көгілдір отынсыз қалған еді. «ҚазТрансГаз Аймақ» мамандары қысқа мерзімде апаттың зардабын жойды.
Ағын судың беті қайтқан соң тұрғындар үйлеріне орала бастады.
Ерлан Жұбатқанов – Теректі газ шаруашылығының маманы. Подстепное ауылында тұрады. Кешегі тасқын кезінде үйі суға кетіпті, отбасын қалаға көшірген. Бірақ соған қарамастан қызметін адал атқарып жүр. Басты міндет – ауылды газбен қамту, – дейді ол.
Ерлан Жұбатқанов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Теректі газ шаруашылығы мекемесінің маманы:
- Осында жұмыс барысымен үйді қарап қойып, осы ауылдың ішінде жүрміз. Жөндеуге екі күн-күн жарым кетті. Біздер жасап болып, газ қосып жатқанда тағы апат болып, оны жасап үлгеріп, тұрғындарға газ беріп үлгердік.
Жазима Халықова, Подстепное ауылының тұрғыны:
- Жігіттерге күні-түні үйлеріне кірместен бәрімізге көмектесіп жатқандарына, кешеден бастап газды жіберіп жатыр ғой, мың да бір рақмет! Үйлерімізге жылу беріп, жайлап үйімізге келіп, жылы жерде отыратын болармыз деп отырмыз.
Подстепное ауылының газсыз қалуына тасқын суын бұру үшін арық қазып жатқан экскаватордың бірі құбырды зақымдауы себеп болған. Ал жалпы алғанда төтенше жағдай жарияланған аймақтардың халқын газбен қамтуда еш іркіліс болмапты. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының мамандары 24/7 режимінде жұмыс жасап жатыр.
Бауыржан Асқаров, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры:
- Апат басталмай, газ мамандары өз дайындықтарын жасады. Айтып кететін болсақ, біздің газ құбырларымыз және газ нысандарымыз құммен қоршалып, «обваловка» жасадық. Сол жұмыстың арқасында бүгінгі таңда біздің нысандарымыз, газ құбырларымыз штаттық режимде жасап тұр.
Одан басқа су басқан өңірлерде «QazaqGaz» компаниясының қызметкерлерінен еріктілер тобы құрылып, эвакуациялық орталықтарға күнделікті көмек көрсетіп жатыр. Олар өз қаржыларына халыққа керекті дәрі-дәрмек, азық-түлік, ким-кешек жеткізіп жатыр.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.