Облыстардың географиялық тұрғыда қалай бөлінгені дұрыс?
Жер атауларының өзгеруі – бірінші кезекте жергілікті халықтың сұранысы бойынша туып отырған бастама, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ерке Ертісті жағалай қонған үш жүз жылдық тарихы бар Семей қаласына қайтадан облыс мәртебесі беріліп, орталығы Абай қаласы деп аталатын болды. Бұл шаһардың ахуалына оң серпін беруі тиіс. 1997 жылғы Президент жарлығымен облыс орталығы мәртебесінен айырылған қаланың соңғы уақытта инфрақұрылымының тоз-тозы шығып, тиісті деңгейде көңіл бөлінбей қалғанын екінің бірі айтады. Ал Семей қашанда Алаштың алғашқы астанасы болғанын ескерген жөн.
Түсіпхан Түсіпбеков, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ШҚОФ төрағасы:
- Әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, жылу мәселесімен бүкіл республиканы шулатқаны, басқа да түрлі проблемалардың өршігені бәріне аян, ешкімге жасырын емес. Кезінде территориялық өзгеріс жасағаны қателік болды деп ойлаймын.
Арап Еспенбетов, Семей қаласының құрметті азаматы:
- Қаламыздың өзі сәл тозып кетіп еді, көшеде жарығы жоқ, жүретін жолы жоқ. Осының барлығы жөнделіп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаратын болса, бізге одан артық қуаныштың керегі жоқ.
Жалпы, Жезқазған қазіргі облыс орталығы Қарағандыдан кемі 530 шақырым қашықтықта жатыр. Тоз-тозы шыққан жолдың жайы, қаланың келбеті, алыс жолдан азып-тозып кететін тұрғындардың мәселесі жиі көтеріледі. Сарапшылар енді облыстың өз бюджеті қалыптасып, басқару формасы әлдеқайда жеңілдей түсеріне сенімді.
Серікжан Байбосынов, экономист:
- Аталған қалалар облыс орталығына айналғандықтан, бірінші кезекте облыс орталығын абаттандыру мәселесі, тұрғын үй бойынша күрмеуі көп мәселелері бар, құбырдың жаңартылмауы ауыз су, жол мәселесі өз алдына облыс болған соң бірінші кезекте шешіледі деп ойлаймын. Сондықтан Семей, Жезқазған, Қапшағай болсын, бұл шешімнен ұтары көп.
Бір ғана Алматы жеріне Еуропадағы 4-5 мемлекет сыйып кететіні мәлім. Бір шетінен екінші шетіне жету үшін мыңдаған шақырымнан астам жол жүруге тура келеді. Бұл әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қиындық тудырып отырғаны жасырын емес. Кезінде қосылып кеткен өңірлердің қайтадан жеке облыс болып шығатынын естіген жұрт қазір бір-бірін құттықтап жатыр.
Әміре Әрін, ақын:
- Бұл арада да халықтың өтінішін еске алды деп ойлаймыз Қасым-Жомарт Кемелұлы. Неге? Өйткені жаңағыдай бір анықтама қағазы үшін, не болмаса жаңағы бір денсаулығына қатысты дүние болсын, кез келген орталықта шешілетін мәселе үшін сонау 400-500 шақырымнан сабылып келу бүгінгі жағдайда, әсіресе, халықтың жағдайын жасайтын, халықтың өтінішін жүзеге асыратын, халықтың жай-күйімен санасатын дәуірде, санасатын биліктің жағдайында бұл дұрыс шешім деп есептейміз.
Сондай-ақ қазақ географиясында Қонаев деген қала пайда болуы мүмкін. Егер халық қаласа, Президент бұл шешімді қолдаймын деді. Соңғы шешім Қапшағай қаласы тұрғындарының еншісінде.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешова