Қалың жұртшылықтың пікірі ескерілді – сарапшылар

Президент саяси реформалар бағдарламасын әзірлеу кезінде қалың жұртшылықтың пікірін ескерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында осылай деді. Қоғам белсенділері мен сарапшылар Жолдау барлық негізгі саяси институттардағы құрылымдық өзгерістерді қамтығанын атап өтті. Сарапшылар Президенттің ұлттық құрылтай құрып, қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеру туралы идеясын қолдады.

Ерлан Қарин, ҚР мемлекеттік хатшысы:

- Бұл Ұлттық Кеңес шеңберіндегі соңғы кездесу. Себебі оның орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құрылмақ. Жаңа құрылым ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Президент Жолдауда құрылтайдың қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыру қажеттігін нық айтты. Бұл да Мемлекет басшысының бұрыннан ойластырған идеясы еді.

Максим Рожин, ұлттық кеңес мүшесі:

- Сайлау жүйесін өздеріңіз естігендей пропорционалды және мажоритарлы болады. Бұл не деген сөз? Ауылдан, аумақтан шығатын халық қалаулылары. Шын мәнісінде халық қалауы бола алатын азаматтар ғана шыға алады. Бірақ ол азаматтарға қойылатын, жалпы депуттарға қойылатын жақсы бір талап – ол егер берген уәдесін орындамаса мандаттан айырылады деген. Бұл адамдарға ерекше бір жауапкершілік жүктейді деген сөз.