Өңірлерді қаржыландыру жүйесі қайта қаралады
Аймақтарды қаржыландыру жүйесі де жаңарады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндай бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында көтерді. Қазір ауыл әкімдері аудан немесе облысқа қол жайып, қаржы артылса ғана бөлінеді деген принцип бойынша жұмыс істейді. Алдағы уақытта оларды тікелей қаржыландыру керек. Бұл халықаралық тәжірибе. Оның үстіне, ауыл әкімдері сайлау арқылы таңдалады. Сондықтан олардың қаржылық жағынан еркін болуы маңызды. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мемлекеттік сатып алу жүйесін жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылту бағытында өзгерістер жасалады. Тапсырманы жүзеге асыруға дайындық маусымға дейін аяқталуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Президент Әкімшілігі мен Үкіметке жергілікті өзін-өзі басқару заңын ескере отырып, аталған тапсырмаларды жүзеге асыру механизмдерін жасауды тапсырамын. Қабылданған шаралардың арқасында жергілікті жерде беделді, жауапты, іскер көшбасшылар қалыптасады. Өңірлерді дамытуға мүмкіндік береді. Демократиялық құрылымдардың мықтап қалыптасуына негіз болады.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауының толық мәтінімен таныс болыңыздар.