Парламенттегі өзгеріс не береді?

Кешелі бері Мемлекет басшысының жолдауы жан-жақты талқыланып жатыр. Әсіресе, аумақтық шешім шығарғаны қарапайым тұрғындарды қуантып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығына айналған әр қала енді қадамын алшаң басып, алға жылжиды. Бұдан бөлек, Президент пәрменімен Парламент түбегейлі өзгереді. Енді депутаттар ойын дербес жеткізіп, пікірталасқа дайын болуы керек. 

Былтыр елімізде сайлау өтті. Мәжіліс қабырғасындағы бір-бір жылы креслоға жайғасу үшін партиялар арасында саяси бәсеке қызған еді. Бірақ халықтың басым бөлігі алдын-ала болжағандай, сол кездегі бас партия көп дауыс жинап, төменгі палатаның біраз орнын иеленді. Қысқасы, екі саяси ұйым 7 проценттен кем дауыс жинап, төменгі палатаның табалдырығын аттай алмады. Енді Мәжіліс депутаттары аралас жүйе бойынша жасақталады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, Мәжілістің сайлауы кезінде Парламентке өте алмаған партиялар болса, олар 5 емес 4,50 пайыз дауыс алды делік. Олардың дауысы қоғам үшін, ел үшін маңызды дейтін болса Президент өзінің квотасымен оларды Сенатқа тағайындайтын болады. Яғни заң шығарушы органда Парламенттік емес партиялардың үнін шығаруға мүмкіндік беретін дүние.

Квота деп қалды. Айтпақшы Президенттің Сенаттағы квотасы 15 тен 10 адамға дейін қысқарады. Сонымен қатар ҚХА атынан сайланған 9 депутаттың бесеуі төменгі палатада қалады. Қалғаны Сенатқа ауысады. Тағы Мәжілістің құзыреті кеңейеді. Сәйкесінше, арқалайтын жүгі де жеңіл болмайды. Бұл өз кезегінде жаңадан жасақталған партиялардың Мәжіліске өтуіне жол ашады.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сайлау жүйесінде 20 процент пропоционалды түрде және 30 пайызы мажоритарлы жүйесі бойынша сайланады. Яғни кез келген адамның өз инициативасы бойынша сол сайлауға қөатысуы мүмкін. Және де жаңадан құрылған партиялардың Мәжіліске түсу мүмкіндігі бола алады.

«Жұрттың баласы» деген осындайда ойға оралады. Бәлкім әлеуметтік желіден көрген боларсыз, өзге кей елдердің Парламентінде қызу пікірталас жиі өтеді. Қызылкеңірдек болып, көздеген мүддесін қорғап шығуға күш салады. Тіпті жаға жыртысуға дейін барғандар бар.

Біздікілер енді төбелеспесін және қалғып кетпесін. Халық спикердің сөзін түсінбесе де басын құр изеп отыратындардан арылғысы келеді. Мұны Президент те біледі. Сол үшін Парламентті күшейтті. Оның құрамын түрлендіріп, жан-жақтан жігерлі жандар келгенін көксейді. Солай болғай...

Бірлік Берікұлы