Алматы облысында қар көшкіні жүру қаупі бар жолдар жабылды
Алматы облысының таулы аймақтарындағы бірқатар жол бөліктері жабылды, деп хабарлайды 24kz.
Себебі өңірде қар көшкіні болуы мүмкін 55 қауіпті аймақ бар. Сол үшін Есік қаласы мен үлкен Есік көлін байланыстыратын автожолдың 7-15 шақырымы, Түрген – Батан – Ассы обсерваториясы тасжолының 15-41 шақырымы алдағы сәуір айына дейін жабық болады. Және Талғар ауданындағы «Спутник» лагеріне апаратын жолға да осындай шектеу қойылды. Өйткені бұл жол бөліктерінде қар көшкіні жүру қаупі жоғары. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындар мен туристерден тауға шыққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.
Дәурен Азаматов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:
- Туристеріміз бар, басқа да тауға шығатын адамдардың қауіпсіздігін ойлап, біз осы шешімге келдік. Сондықтан қазіргі кезде таулы аймақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтап жүруіміз керек. Қазіргі кезде біздің ТЖД-ның жеке құрамы мен техникасы толықтай дайын. Өздеріңіз білесіздер, әр адамның қауіпсіздігі өзінің қолында.