Қазақ тілінің жасанды интеллектіге негізделген ұлттық сөздік қоры құрылады
Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры құрылады, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекеттік тілдегі мәтінді өңдеу, генерациялау және талдау мақсатында жасанды интеллект технологиясына негізделген үлкен тілдік модель жасау ұсынылды. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов таныстырған Мәдениет туралы осы заң жобасы бірауыздан мақұлданып, Сенат қарауына жолданды.
Дүйім жұрт үшін төл тілдің нормалары мен ережелеріне тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық ақпараттық жүйе құрылады. Бұл халықтың күнделікті өмірде тілді дұрыс қолдануына ықпал етеді. Азаматтар интернет арқылы сөздер мен сөз тіркестерінің бірегей қорын тегін пайдалана алады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз қазір ChatGPT-ді қолданып жатырмыз, «Алиса» мен Google бар. Қазіргі уақытта маңызды мәселе – осы ЖИ-ді қазақ тілінде сапалы сөйлету. Қазір қарасаңыз, негізі жақсы прогресс бар. Бірақ ол неге байланысты? Ол мемлекеттің осы 2020 жылдардан бастап, біз кезінде Үкіметте істегенде арнайы қаражат бердік. Қазақ тілінің ұлттық корпусын дамыта бастадық. Миллиондаған сөздер мен сөз тіркестерін қолжетімді қыла бастадық, соны OpenAI сияқты басқа да компаниялар өздеріне алып, қазір, мысалы, ChatGPT-ді қолдансаңыздар, қазір ол қазақ тілін өте тәуір біледі.
Ұлттық сөздік қоры мен тіл корпусын құрып, лексикалық қорды жүйелеу көзделіп отыр. Мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері туралы заңда мәдени мұраның маңызды элементтерінің бірі ретінде қазақ тілін сақтау көзделген. Бұл тілді шұбарлаудан қорғауға, тіл нормалары мен ережелерін қатаң сақтауға бағытталған.
Дархан Ахмед-Заки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Осы бағытта сәйкес ғылыми жоба жүзеге асып жатыр. Оны консорциум ретінде біршама ғылыми ұйым мен университеттер жүзеге асырып жатыр. Алдымен ол ақпараттарды жинауға біз мемлекеттік органдардан сұраныс жасадық. Осы жұмыстарды ары қарай жалғастыруға цифрлық министрлікпен бірге біздің екі ғылыми мекеме жүзеге асырады. Олар: Тіл-Қазына, екіншісі – А.Байтұрсынов атындағы институт.
Мәдениет туралы заң жобасын талқылау кезінде бірқатар депутат «қыз алып қашу» дәстүрін ән арқылы насихаттап жүрген өнер иелеріне сын айтты.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Басқа ұлттың біреуі оны жасамайды. Жасап жүрген өзіміз соны. Еуропада қыз ұрлайды дегенді естідіңіз бе? Менің үш қызым бар, мысалы. Алдымыздан өтіп, құда түсіп алғанын бәріміз де жақсы көреміз. Ал мынау қоғамдағы үлкен дерт қой. Үлкен мәселе. Бұған қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек.
Спикер Ерлан Қошанов бұл түйткілдің күн тәртібіндегі заңдарға қатысы болмағанымен, алдағы отырыстарда бөлек талқыланатынын айтты. Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында басқа да жаңашылдықтарға тоқталды. Бұдан былай «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалавр деңгейінде білім алуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл мүмкіндікті халықаралық олимпиадаларда және ғылым сайыстарында жеңімпаз атанған дарынды жастар пайдалана алады. «Болашақ» бағдарламасының дәстүрлі талаптарына сай әр санат бойынша жылына 20-25 жас іріктеледі.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диқанбаев, Ислам Маханбет.