АҚШ-та Трампқа қарсы қастандықты тергеу жалғасып жатыр

Кеше АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамптың өміріне қастандық жасалып, 20 жастағы күдікті Құпия қызметі снайперінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды 24kz.

Осы орайда америкалық сайлаушыларда қаскөй мұндай әрекетке неге барды, құпия қызмет қайда қарады, Трамп қарашадағы сайлауға қатыса ма деген сияқты көптеген сұрақ туындап отыр.

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы 20 жастағы күдікті Томас Мэтью Крукстың үйі мен көлігін тінту барысында жарылғыш заттардың табылғандығын растады. Алайда оның мұндай әрекетке неге барғаны және сыбайластарының бар-жоғы әлі белгісіз. «Тергеуде күдіктінің автоматты қарудан сегіз рет оқ жаудырғаны және ол қарудың әкесінің атына тіркелгендігі анықталды», - дейді ресми өкілдер.

Пенсильваниядағы қайғылы оқиғадан кейін америкалықтардың түрлі саяси көзқарастарына қарамастан бірігу керек екендігі кеңінен насихатталып жатыр. Аталмыш идеяны АҚШ президенті Джо Байден де халыққа арналған сөзінде тілге тиек етіп, Америкада зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз керек деп үндеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Иә, біздің саяси көзқарастарымыз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ қазіргі уақытта біздің бірігуіміз аса маңызды. Саясатқа адам өлімін араластырмау керек. Мен Трамптың жағдайы жақсы екендігіне қуандым. Ал қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтамын.

«Болған оқиға Дональд Трамптың беделіне қалай әсер еткендігін нақты айту әлі де ерте», - дейді сарапшылар. Бірақ қазірдің өзінде Илон Маск, Бил Акман сияқты тұлғалар Трампты қолдайтындарын жеткізді. Ал сайлаушылар болған оқиғаны сан-саққа жүгіртіп отыр.

Блиц 1:

- Менің ойымша, мұның барлығы Трамптың саяси ұпай жинауы үшін ұйымдастырылған. Қаскөйдің экс-президенттің қасына соншалықта жақын болуы өте күдікті. Камераға жазылып қалған кадрларды көрсеңіз көп сұрақ туындайды.

Блиц 2:

- Қазір америкалықтарға бұл оқиғадан саяси астар іздемей бірігу қажет. Мысалы баяғыда елімізде қиын жағдай туындағанда билік бар мәселені келіссөз арқылы шешкен еді. Қазір де солай болу керек деп ойлаймын. Халыққа бірігу керек.

Сайлаушылардың көбінің көкейін экс-президенттің мінберіне бар-жоғы 130 метрдей қашықтықтан оқ атуына қалайша жол берілді деген сұрақ мазалап отыр. Кей басылымдар куәгерлердің бірі оны полиция қызметкеріне айтқандығы туралы да хабар таратты. Алайда құқық қорғау қызметкерлерінің не себепті шара қолданбағандығы белгісіз.

Құлақ тұсына оқ тиіп, жараланған Дональд Трамп бірнеше сағат бұрын Висконсиндегі Милуокиге барып қонғандығы расталды. Онда АҚШ уақыты бойынша ертең республикашылардың Ұлттық конвециясына өтеді. Трамп бұл жиында партия атынан президентікке үміткерлікті ресми түрде қабылдауы мүмкін.

Авторы: Талғат Алманов