Жолдау: Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын маңызды құжат ел экономикасындағы жаңа бағыт-бағдарларды айқындап берді.

Енді оны нәтижелі жүзеге асыру негізгі міндет. Жазбаша түрде жарияланған жолдаудың алғашқы бағыты экономика салаларының жаппай сандық модельге көшуін көздейді. Осы ретте Президент 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді, денсаулық сақтау білім беру және басқа да салаларды дамыту керектігіне ерекше тоқталған. Яғни аталған міндеттер арқылы экономика құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салалардың сапасы артатынын атап өткен.

Сондықтан үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген атаумен жаңа бағдарлама әзірлеу және IT саланы дамыту міндеттеліп отыр. Сондай-ақ Елбасы жолдауында өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалардағы еңбек өнімділігін арттыру қажеттігі айқындалған. Мұндағы басты мақсат – төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу арқылы кәсіпорындарды автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект қалыптастыру.