Ақтауда «Маңғыстау артефактілері - археологиялық деректерде» атты көрме өтті

Көрермен облыстық музей, тарихи-мәдени қорығы және «Отпан» кәсіпорны қорынан алынған құнды жәдігерлерді тамашалады.

Ежелгі күнтізбе, алтынмен апталған ат әбзелдері, қыштан жасалған ыдыс-аяқ, балбал тас сынды артефактілер сонау тас дәуірінен бергі уақытта қолданылған деген болжам бар. Кейбірі ХІІІ ғасырда тіршілік еткен Қызылқала қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Олардың арасында республикалық маңыздағы нысандар тізіміне енген ескерткіштер де бар. Көрме соңында тарихшылар мен өлкетанушылар Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары жайында баяндама оқып, көпшілікті қызықтырған сауалдарға жауап берді.

Бақытжан Құдайбергенұлы, Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық музейдің бөлім меңгерушісі:

- Бұл жердегі ең бір керемет дүние - инолит кезеңіне тиесілі Қосқұдық-1 тұрағынан табылған күнтізбе. Яғни, ежелгі маңғыстаулықтардың күнтізбелік жүйесі. Біз әрине, күнтізбе дегенде бірден аспалы бағы бар Вавильонды немесе Египетті айтамыз. Мысыр елін. Бірақ, қазақ даласында да өркениет болған. Біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықтың өзінде біздің Маңғыстаудың байырғы тұрғындары айдын және күннің шығуымен есептей отырып, алғашқы күнтізбені жасаған екен.