Қазақстан мен Өзбекстан қандай келісімге келді

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Қазақ елінің басшысы мемлекетаралық кеңес құру жөнінде ұсыныс айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

«Кеңес аясында біз қажетсіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса аламыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек, екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі жуық арада 5 миллиард долларға, одан кейін 10 миллиард долларға дейін жетпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапарымен келген өзбек Президенті Шавкат Мирзиёевті Ақорда сарайында салтанатты түрде қарсы алды. Сап түзеген құрмет қарауылының басшысы рапорт берген соң бауырлас екі елдің әнұрандары орындалды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев сарайдың Шығыс залында шағын құрамда келіссөз өткізді. Екіжақты басқосуда стратегиялық серіктестікті нығайту мәселесі талқыланды. Оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық тілге тиек етілді. Сондай-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ең алдымен сізге шын жүректен Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгеніңізге ризашылығымды білдіреміз. Біз үшін, екі еліміз үшін өте қажет іс-шара. Сондықтан сіздің сапарыңызға үлкен мән беріп отырмыз. Шын мәнінде алдымызда тұрған мақсаттар өте ауқымды. Үкіметтеріміз белсенді түрде жұмыс істеулері керек. Бүгін біз бірқатар келісімге қол қоямыз. Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қоямыз Бұл құжат екі елді де жаңа деңгейге апармақшы. Сіздің сапарыңыз сәтті, жемісті болатынына ешқандай күмәніміз жоқ. Осыған кәмсіл сенеміз.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ең алдымен өзіңіздің және Қазақстан тарапының Өзбекстанның делегациясын дәстүр бойынша жылы қабылдап жатқандарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді.  Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі датасы қарсаңындағы сапарымыздың мәнісі тереңде. Олай болуы кездейсоқтық емес, әрине. Екі халықтың да ғасырлар бойғы достығы одан әрі нығая түседі деп сенемін. Сапар алдында талай іс атқарылды. Премьер-министрлер кездесіп, форумдар өтті – бұның бәрі жемісті әріптестіктің алғышарты алды. Жыл соңына дейін сауда айналымының көлемі 4 млрд-тан асады.

Алайда алыс-берістің межесі бұл емес. Алдағы уақытта оны 10 млрд АҚШ долларына дейін өсіру көзделіп отыр. Сауда айналымын ұлғайту мәселесі екі елдің делегациясы қатысқан кеңейтілген жиында талқыға салынды. Бұл ретте Қасым- Жомарт Тоқаев өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне айрықша назар аударды. Су, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық жайы да талқыланды. Алқалы отырыста мәлім болғандай, екі ел арасында мемлекетаралық кеңес құрылады. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент және министрлер кеңестерін құруды ұсынды. Өйткені мұндай одақтастық екі елдің билігі қабылдаған шешімдерді тез арада іске асыруға мүмкіндік бермек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгін біз мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақтастық деңгейіне дейін көтеруге уағдаластық. Жаңа ғана осы мәселе бойынша пікір алмасып, мұның елдеріміз арасындағы мүлдем жаңа сапалы деңгей екенін атап өттік. Әрине, одақтастық қатынастар мемлекеттерімізге ерекше міндет жүктейді. Мен мемлекетаралық кеңес құру жөнінде ұсыныс айттым. Осы кеңес аясында біз қажетсіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса аламыз.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

–Арақатынастарымызды нығайту мақсатында Өзбекстанда Қазақстан жылын, ал Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуді ұсынамын. Бүгін біз көптеген келісімге қол қойдық. Енді оларды жүзеге асыру үшін бізге жиі кездесуге тура келеді. Нәтижесінде қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түседі деген сенімдемін.

Келіссөздердің соңында белгілі болғандай, екі мемлекет арасындағы «Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың жазаcын одан əрі өтеу үшін беру туралы шарт», «Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою", "Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану» және «Қазақ-өзбек кедендік шекарасы арқылы энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау» сынды 15 түрлі келісімге қол қойылды. Бұдан кейін мемлекет басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өзбекстан – біз үшін тату көрші әрі маңызды серіктес қана емес, тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік  табысты дамып келеді. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық кеңейе түсті. Бүгінгі келіссөзде қазақ-өзбек қатынасын жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолдары айқындалды. Біз халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Көпжақты ықпалдастықты одан әрі дамыту жөнінде ортақ шешімге келдік. Бүгінгі сапар өзара қатынасқа да тың серпін береді деп сенемін. Осы орайда, ынтымақтастығымызды жаңа одақтастық деңгейге көтеру туралы тарихи шешім қабылданғанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Бұл – біздің бауырластығымызды бекемдеп, сан қырлы ықпалдастықты нығайта түсетін маңызды қадам.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлының екі елдің ынтымақтастығын нығайту мақсатында мемлекетаралық кеңес, парламентаралық кеңес және сыртық істер министрліктерінің кеңесін құру жөніндегі ұсынысын қолдаймын. Мұндай деңгейдегі одақтастық міндетті түрде жемісін береді деп ойлаймын.

Мәдени-гуманитарлық байланыс жөнінде де сөз қозғалды.

Атап айтсақ, университетаралық ынтымақтастық жанданбақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның озық оқу орындары Өзбекстанда өз филиалдарын ашуға мүдделі екенін жеткізді. Ахмет Яссауи стипендиясы бойынша қазақ тарапы өзбек жастарын Түркістандағы университетке қабылдауға дайын. Сондай-ақ елордада ұлы ақын Әлішер Науаиға ескерткіш орнатылады. Оған қоса тараптар екі елдің зиялы қауым өкілдерінің шығармашылық форумын өткізуін қолға алады.

Авторы: Бақыт Топтаева