Декларацияда қандай мәлімет көрсетілуі тиіс?

Кәсіпкерлер салықтан жалтармай, заңды жұмыс істеуі керек.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері бүгін сауда орталықтарындағы кәсіпкерлермен кездесті. Декларация рәсімдеу тәртібін түсіндіріп, құжатта қандай мүлікті көрсету керегін айтты. Кәсіпкерлер декларацияда елдегі және шет мемлекеттегі жылжымайтын мүлкін жария етуге тиіс. Құны 34 миллионнан асатын қолма-қол ақша мен құны 3 жарым миллионға жуық құнды дүниесін де тіркеуі қажет. Ал декларацияны қағаз жүзінде 15 шілдеден, электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. Өйтпеген жағдайда кәсіпкер ескерту алады. Ал жағдай қайталанса, 55 мың теңге айыппұл арқалайды.

Ануар Тынысбаев, Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

- Кәсіпкерлер тарапынан туындайтын сұрақ көп. Бірі декларацияны рәсімдеу білмесе, енді бірі мобильді аударымдар бойынша тексерістің қалай жүзеге асатынын білгісі келеді. Осы орайда соңғы 3 ай бойы 100-ден астам адамнан аударым алған тұлғалар ғана тексерілетінін айтқымыз келеді. Ал салықтық режимге келер болсақ, оның мөлшері 1-ден 4 пайызға дейін.