Жаңа көліктер қымбаттады

Жеңілдетілген автонесие алуға 22 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 8,5 мыңға жуығы расталды. Бұл туралы Өнеркәсіпті дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлады. Өтініштің көбі Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарынан түскен. Бірақ осы бас қаламыздағы автосалондарда көлік тапшылығы байқалады. 

Жаңа көліктер 20%-ке қымбаттады

Елордадағы автосалондарда кейбір көлік түрлері тапшы деп хабарлайды ҚазАқпарат. Hyundai Astana орталығы менеджерлерінің айтуынша, қазіргі кезде қолда бар көліктердің барлығы сатылып кеткен. Жаңа көлік алатындар 2 ай немесе одан да ұзақ күтуі керек. Ал осы уақытқа дейін жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 22 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 8,5 мыңнан астамы расталды. Техниканың орташа құны моделі мен жабдықталуына қарай 7 млн 17 млн теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар Chevrolet көлік салондарында да кейбір модельдер жоқ. Бұл жерде тапсырысты күту мерзімі 3-4 айға дейін барады. Ал Toyota-ның дилер орталықтарында тауар бар болғанымен алдағы уақытта логистикалық мәселелер бойынша Camry моделі мен RAV4 кроссоверінің тапшылығы байқалуы мүмкін. Себебі дәл осы модельдер Қазақстанға Ресейден тасымалданады. Ал Ресейдегі зауытта көлік құрастыру уақытша тоқтап қалған. Жалпы соңғы төрт айда елде жаңа көліктер 20%-ке қымбаттады.

Артур Мискарян, автонарықты талдау және мониторинг жасау орталығының бас директоры:

- Жаңа көліктердің тапшылығы бар екені рас. Бірақ күту мерзімі бұрынғыдай 8 айға дейін созылмайды. Бүгінде 3 айдың ішінде жаңа темір тұлпар сатып алуға мүмкіндік бар. Ал жеңілдетілген автонесиеге келер болсақ, бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан көлік нарығы үшін мардымсыз. Өйткені 100 миллиард теңгеге 10 мыңдай көлік келеді. Ал мұндай көлем отандық нарықта арнайы бағдарламасыз да бір айдың ішінде іске асырылады. Сондықтан қазір бұл бағдарламаның салаға әсерін байқап отырған жоқпыз.  

Ресейде көлік саудасы 66%-ке төмендеуі мүмкін 

Ресейде жаңа көлік саудасы биыл 66%-ке төмендеуі мүмкін. НАПИ  сарапшылары осылай дейді. Тіпті санкциялар бәсеңдеп, қытайлар жеткізілім көлемін арттырады, АвтоВАЗ жұмысы жанданады дегеннің өзінде көрші елдің көлік нарығына қатысты болжам теріс. АҚШ билігі АҚШ-та жиналған кез келген автомобиль модельдерін жеткізуге эмбарго енгізді. Жапониядан Ресейге 6 миллион иеннен қымбат машиналарды экспорттауға тыйым салынады. Сонда нарықтың өсуіне не әсер етеді? Біріншіден, бұл Орталық банктің негізгі ставканы төмендетуі, жеңілдетілген автокөліктер шығару және Азиядан жеткізілімдерді қалпына келтіруге деген үміт. Бірақ Ресей автонарығына төніп тұрған тәуекелдер әлдеқайда көп. Дилерлердің көлік қоры аз. Олар ең көп дегенде 5 айға жетеді. Жаңа көлік тасымалы туралы ақпарат жоқ. Оның үстіне экономикалық жағдай қазір тұрақсыз. Сондықтан көрші елдің сарапшылар көлік нарығына оң болжам беруге әзірше негіз жоқ деп отыр. 

Рубль саудасы 5 есе азайды

Бір айда Ресей рублінің саудасы бес есе қысқарды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады. Жалпы сәуірде халық 226 млрд теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алған. Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда сатып алу көлемі 32 процентке өскен. Шығыстардың басым бөлігі немесе 189 млрд теңге АҚШ долларына тиесілі. Шамамен 12 млрд теңгеге Ресей рублін сатып алған, 24 млрд теңгеден астам соманы халық еуроны сатып алуға жұмсаған. Енді осы айтылғанды валюталардың түріне бөліп қарасақ, бір айда доллар мен еуро саудасы өсті, ал Ресей рублін сатып алу шамамен 5 есе төмендеді. Қаржы реттеушінің дерегінше, сәуірдің соңында теңгенің биржалық бағамы 4,6%-ке нығайды.

G-20 елдерінің экономикалық өсімі баяулайды 

Алдағы жылдары үлкен жиырмалыққа кіретін елдердің экономикалық дамуы баяулайды. Moody’s агенттігінің жаңа макроэкономикалық болжамы осындай. Сарапшылардың айтуынша, бұған бірнеше себеп бар. Соның ішінде нарықтағы баға қысымы және қаржылық саясаттың қатаңдауы. Әлемдегі геосаяси жағдай да жаһандық экономикаға кері әсер етуде. Сондай-ақ сарапшылар өсіп бара жатқан инфляцияны атап өтті. 2023 жылы Moody’s тұрақты түрде жоғары инфляция болады деп отыр. Болжамға сәйкес, биыл G-20 елдерінің экономикасы 3%-ке өседі. Бұл былтырғы болжамға қарағанда төмен. Ал 2023 жылы үлкен көрсеткіш 2,9% деңгейінде болмақ. Теріс болжамға қарамастан Ресейден басқа G-20 елдерінде рецессия болмайды дейді сарапшылар. Бұл топтағы дамыған 10 экономиканың ішінде жыл қорытындысы бойынша ең жоғары инфляция 10% деңгейінде Ұлыбританияда  болады делінген хабарламада. Одан кейін Италия мен Германия – 6%. Ал Аргентинада баға 65%-ке өседі деп болжап отыр. Осылайша Аргентина тізімде ең артта қалған ел болады. Сарапшылардың айтуынша, осы жылдың соңында Түркияда инфляция деңгейі 52% болуы мүмкін.