Қазақстандықтар 1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдаланды

Қазақстандықтар 1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдаланды

8 сәуірдегі жағдай бойынша уәкілетті операторлардың банкілерінде, сондай-ақ инвестициялық басқарушыларда ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ-дан 1,031 трлн теңгеден астам қаржы түсті.

1,02 трлн теңгені БЖЗҚ салымшылары мен алушылары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалануда. Бұл ретте БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан түскен салымшылардың (алушылардың) өтініштеріне сәйкес алынған соманың шамамен 33,5% тұрғын үйді ипотекасыз (толық сатып алу) алуға, шамамен 30% ипотекалық қарызды өтеуге, оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы (толықтай немесе ішінара) шеңберінде, 23% астам сома жақын туыстарына беруге жоспарлануда. Қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатта пайдалануды жоспарлайтынын enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсаттары бойынша» бөлімінен нақты білуге болады. Салымшылардың арнайы шоттарына келіп түскен төлемдердің орташа сомасы 5 млн теңгеден асады. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану туралы өңірлер бөлінісі бойынша толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде ұсынылған. Өтініштердің басым бөлігі Маңғыстау облысы (18%), одан кейін Алматы (17,3%), және Нұр-Сұлтан (13,8%) қалаларының тұрғындарынан келіп түсті.

Емделу үшін ел тұрғындары 3,5 млрд теңгеден астам қаржыны алды. Орташа есеппен алғанда бір өтініш бойынша емделуге 1 млн теңге зейнетақы жинақтары аударылады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (20,9%), Нұр-Сұлтан қаласы (17,5%) және Атырау облысының (8,05%) тұрғындарынан келіп түсті. Өзекті статистикамен enpf.kz сайтының «Көрсеткіштер» - «Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде танысуға болады.       

8 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы портфелін басқарушыларға (ИПБ) шамамен 2,3 млрд теңге зейнетақы активтері аударылды. Келіп түскен 1265 өтініштің 947-і орындалды. Аударымдардың орташа сомасы 2,4 млн теңге.

Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аударуға өтініштердің 39,5% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан түсті, одан кейін Нұр-сұлтан қаласы (21,5%) мен Маңғыстау облысының (5,3%) тұрғындары тұр.

Қазіргі сәтте берілген өтініштердің 690-ы орындалып, ИПБ-ға аударылған қаржының жалпы сомасы шамамен 1,7 млрд теңгені құрады, бұл ретте аударымның орташа сомасы 2,4 млн теңге болды.          

Зейнетақы жинақтарын зенімгерлікпен басқаруға беру бойынша нақты статистикамен enpf.kz сайтының «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде танысуға болады. Бұл жерде зейнетақы жинақтарын инвестициялауға орай ИПБ-ны таңдау жолына алматылықтар (берілген және орындалған өтініштердің шамамен 40%) мен астана тұрғындарының ( 21% астам) белсене қатысатындықтарын көруге болады.

Естеріңізге саламыз, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. Ал БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.

Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде жүзеге асыруға болады.

Ақпарат көзі: БЖЗҚ баспасөз қызметі