Премьер-министр Каспий құбыр консорциумындағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

Премьер-министр Каспий құбыр консорциумындағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

Каспий құбыр консорциумы терминалы арқылы мұнай экспорты бір айға тоқтатылды. Шектеуді Новороссийскінің Приморск аудандық соты енгізді. Осыған байланысты Премьер-Министр Әлихан Смайылов шұғыл жиын өткізді. Кеңесте қазақстандық мұнай экспортының уақытша тоқтауынан қандай мәселе туындауы мүмкін екені талқыланып, бюджеттің шығындарын азайту сөз болды.

КҚК арқылы мұнай экспорты бір айға тоқтады

Ростехнадзор сотта құбырдың жұмысын үш айға тоқтата тұруды сұраған. Ал Консорциумда бұл үкіммен келіспейді және оған белгіленген тәртіппен шағымдануға ниетті.

Еске салайық, сәуір-мамыр айларында айлақтардағы апаттардан кейін терминалға Ростехнадзор инспекциясы келіп, бірнеше тәртіп бұзушылықты анықтады. Сол кезде қазақстандық экономист  Андрей Чеботарев осы жағдайдан соң қара алтын экспортын тоқтату мүмкін деп айтқан. Өйткені Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 82%-і Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді.

Андрей Чеботарёв, экономист:

- Іс жүзінде Каспий құбыр консорциумы наурыздан бастап 100% жұмыс істеген жоқ. Бір кездері ол дауылдың салдарынан мүлдем жұмыс істемеді, кейін 30%-ке, одан соң біздің Энергетика министрлігінің мәлімдемесімен 50%-ке жұмыс істеді. Роспотребнадзор бастапқыда құбыр жұмысын 90 күнге тоқтата тұруды сұрады, сот 30 күнге шектеу туралы шешім қабылдады. Бірақ 30 күннен кейін жұмыс қалпына келетініне сенбеймін. Бюджет қазір зардап шекпейді, бұл болашақ жылдардың проблемасы. Бізге пайда түсіп жатқан жоқ және Ұлттық қорға да түсім жоқ. Сонымен қатар өндірістің төмендеуінен мұнай сервистік компаниялар тоқтап қалады. Бұл келісім-шарттар бойынша жұмыс тоқтап, жалақы уақытылы берілмейді деген сөз.

Консорциумдағы экологиялық мәселелерге қатысты дау өткен жылдың тамыз айында басталды. Ол кезде Новороссийскідегі апатта мұнай төгілді. Роспотребнадзордың өтініші бойынша сот Каспий құбыр консорциумын 5 миллиард рубльден астам шығынды өтеуге міндеттеді. Компания бұл соманы бір апта бұрын ғана төлеп бітірді. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар Одағында мәселе тезірек шешіліп, консорциум сот шешіміне шағымданады деп үміттенеді. Әйтпесе Қазақстан мұнай өндіру көлемін едәуір қысқартуға мәжбүр болады.

Нұрлан Жұмағұлов, қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының бас директоры:

- Ай сайын Каспий құбыр консорциумы арқылы 4,5 млн тонна мұнай тасымалдадық. Қашаған жобасы бойынша жеті акционер бар және әрбір құрылтайшы өз үлесін өз бетінше сатуы тиіс. Қашаған жобасы үшін бұл өте қиын жағдай. Ол мұнайды қайда жібереді? Мәселені Үкіметтік деңгейде көтеру қажет. Дипломатия тілінде келіссөздер жүргізу керек. Оның үстіне бұл соңғы инстанция емес, апелляцияға беру керек.