Мемлекеттік аудит қызметі сынға ілікті

Бізде 2 мыңға жуық аудитор бар, бірақ бюджеттегі кем-кетіктерді журналистер мен блогерлер анықтап жатыр. Сенатор Нұрлан Бекенов осылай деп шүйлікті.

Жалпы Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінде жергілікті деңгейдегі салықтардың өсімі байқалады. Қазір өңірлердегі қосымша кіріс 600 млрд пен 1,6 трлн теңге аралығында. Бұл қаражаттар сол аймақтарда қалады. Демек әкімдердің табысты арттыруға деген қызығушылығы бар, – дейді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков. Дегенмен ішкі аудит жүргізу ісінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, соңғы 3 жылда мемлекеттік органдардың тек 10%-іне жетер-жетпесі ғана ішкі аудитпен қамтылған. Бұл өз кезегінде бюджеттік қаражатты тиісті деңгейде қадағалауға мүмкіндік бермей тұр.

Нұрлан Бекенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазір бюджет қаражатын жымқыру деректерін аудиторлар емес, журналистер мен блогерлер анықтап жатыр. Бізде 2 мыңға жуық аудитор бар. Жалақылары өте жақсы. Бүгінгі отырысқа 300 бет көлемінде есеп әкеліп отырсыздар. 1-2 бетінде ғана нақты деректер бар шығар. Қалғаны түкке тұрғысыз. Сондықтан бұл мәселені түпкілікті шешу керек. Өйткені қазір бюджет қаражатын жымқыру деректері көбейіп барады. Тіпті бүгінгі Қаржылық мониторинг агенттігінің де баяндамасы жаға ұстатарлық жағдай болып отыр.