Португалияда өрт елді мекендерге жақындап қалды

Португалияда өрт елді мекендерге жақындап қалды

Еуропада орман өрті көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Жерорта теңізі жағалауындағы елдерді тығырыққа тіреген тілсіз жау енді Пиреней түбегіне жетті. Өйткені мұнда да күн ыстық. Мәселен Португалияда ауа температура 40 градусқа таяп қалды

Ресейде де от ырық берер емес. Түркияда су тасқынынан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Гаитиде бұл да жоқ. Өйткені жүйелі жұмыс жүргізуге тропикалық дауыл кедергі боп тұр.

Португалияда орман өрті кеше таңертең басталған. Артынан мамандар оны бақылауға алған еді. Алайда қазір мұнда күн ыстық. Температура 40 градусқа жақындап қалды. Оның үстіне күшті жел соғып, от қайтадан өршіді. Бұл жолы тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Өрт елдің оңтүстігіндегі бірнеше ауылға таяп қалды. Билік дер кезінде эвакуация жариялағандықтан, зардап шеккендер болған жоқ.

Блиц 1:

- От үйіміздің қасына жетті. Кетуден басқа амал қалмады. Басқа тұрғындар да қауіпсіз жерге көшірілді.

Блиц 1:

- Қатты қорықтық. Айналаң өртеніп жатқанын көру оңай емес.

Якутияда да орман өрті елді мекендерге таяп қалды. Қауіпті аймаққа 7 ауыл кіріп отыр. Якутиядан бөлек қазір Иркутск облысы мен Уралдың оңтүстігінде алқаптар өртеніп жатыр. Жалпы биыл Ресейде тілсіз жау шарпыған аумақ 17 миллион гектардан асып кетті. Бұл соңғы 9 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Сарапшылар алдағы уақытта бұл сандар тек арта түсетінін болжап отыр.

Александр Маканов, Орманды қорғау қызметінің өкілі:

- Үйімді сағындым. Мұнда жүргенімізге 47 күн болды. Бізге жаңбыр керек.

Бұған дейін түрік халқы да орман өртінің зардабын тартқан еді. Артынша тұрғындарды су тасқыны әбігерге салды. Соңғы дерек бойынша табиғат апаты құрбандарының саны 77 адамға жеткен. Өңірде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Өйткені із-түзсіз жоғалып кеткен 40-тан аса тұрғынның тағдыры әзірге беймәлім.

Гаитиде де құрбандар саны артты. Өткен аптаның соңында мұнда 7,2 балдық жер сілкінісі болған еді. Соңғы мәліметке сәйкес, 1419 адам көз жұмған. Өңірде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда елге «Грейс» тропикалық дауылы таяп қалды. Түннен бері жаңбыр жауып тұр. Салдарынан зілзаладан зардап шеккен тұрғындарға арналған лагерьді су басқан. Мамандар лай көшкіні жүру қаупі барын ескертіп отыр.