Мәскеуде ТМД елдерінің театр фестивалі өтіп жатыр

Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің сегіз театры бір алаңға жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бесінші рет өтіп жатқан шараға еліміздің атынан Қазақ ұлттық өнер университеті мен Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының студенттері қатысуда.

Қазақ ұлттық өнер университетінің 4 курс студенттері ГИТИСтің сахнасында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасы бойынша қойылымын ұсынды. Бұл ­– классикалық пьесаның жаңа бір оқылуы. Ол динамикалық сахналық әрекет пен минималистік декорациялармен ерекшеленді. Спектакль бір актіге дейін қысқартылды.

Қымбат Тлеуова, режиссер:

- Пьесаны қазақ тілінде әкеліп отырмыз. Әрине, Ғабит Мүсіреповтың тілін аудару өте қиын. Ерғалиевтің аудармасы бар. Мен өзім де осы жолы түзеттім. Қазақ тілінде стилисткасын жоғалтпау үшін тіліміздің мелодикасын басқа жұртқа таныстыру үшін бұл пьесаны қазақ тілінде, оригиналда ойнауға шешім қабылдадық. Әрине, субтитрлар болады.

Серік Мақсотов, актер:

- Стильді сақ дауірінің стиліндей алып жатырмыз, этностильді алып жатырмыз, сондықтан бұл жерде қатты сондай бір қазақи классика да көрінбейді. Кішкене көшпенділік, жабайылық көрінеді, бұл өзіміздің қанымызға тән.

Өнер тілімен жеткізілген махаббат хикаясын мәскеулік көрермен аудармасыз да түсінді. Қазақстандық әртістер баяндаған көне аңыз жиналған қауымды тәнті етті.

Фестиваль аясында ГИТИС сахнасында  Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері де өнер көрсетті. Олар Луиджи Пиранделлоның пьесасы бойынша қойылған «Автор іздеген алты кейіпкер» спектаклін ұсынды.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров