АҚШ-та торнадодан кейін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр

АҚШ-тың көптеген штатында торнадолар кесірінен инфрақұрылым мен ғимараттарға, әсіресе тұрғын үйлерге зиян келді, деп хабарлайды 24KZ.

Огайо, Пенсильвания, Индиана, Кентукки штаттары ең көп зардап шекті. Жүздеген мың тұрғын электр қуатынсыз қалды. Кентукки губернаторы Энди Бешир қатты дауыл басталысымен төтенше жағдай жариялаған болатын. Табиғат апатынан кейін жер-жерлерде қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Торнадодан көп зардап шеккен аймақтардың енді бірі – солтүстік-шығыс Оклахома. Қалың түскен жауын-шашын мен екпінді желдің соңы 3 бірдей торнадоға ұласты. Салдарынан осы штаттағы  үй-жайы жоқ бір әйел қайтыс болған. Көптеген ғимараттар бұзылып, ағаштар тамырымен қопарылып, көліктер мен үйлерге құлаған.

Линда Кармак, Оклахома штатының тұрғыны:

- Менің көршімнің үйін ұшырып алып кетті, ол электр желілеріне соғылып, көшеге құлады. Тағы үйдің артында өте ауыр ағаш әткеншек пен қаша болған, оларды да жұлып, ұшырып алып кетті.

Кентукки штатында да қолайсыз ауа райынан болған жол көлік оқиғасында бір адам көз жұмған. Огайо өзенінің бойындағы үйлер, электр желілерінің бағаналары қираған. Тұрғындар және басқа да коммуналдық қызметтер апат болған аймақтарда тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Перри Сноуден, Кентукки штатының тұрғыны:

- Менің ойымша, шамамыз келгенше барлығын қалпына келтіруге тырысамыз. Бұл – ата-анамның үйі. Олар келгенде осындай ойран-топанды көрмесе екен деймін. Қолдануға келетін заттарды сақтап, қалғандарын тастап жатырмын.

Көктем сайын болатын дүлей дауыл мауысымы жалғасып жатыр. Сейсенбі күні АҚШ-тың Мексика шығанағы жағындағы жағалауында торнадо тіркелген. Ал сәрсенбіде сол аймақтың орталығында жойқын торнадо өту қаупі бар.

Авторы: Айжан Сыдықова.