Бейжің оркестрінде қазақ домбырасының үні бар

Бейжіңде күмбірлеген домбыра. Қытайдағы ұлттық аспаптар оркестрі біраз жылдан бері қазақтың ұлттық аспабын өздерінің шығармашылық кештерінде пайдаланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірлесіп өткізілетін мәдени шараларда да домбыра үнін жиі естисіз. Музыкада тіл жоқ. Бірақ халықтар түсінігін арттыруда мәні зор деп есептейтін өнерпаздар шет елдік әріптестерімен бірлесіп жобалар жасауға дайын. Бірақ оған пандемия кедергі келтіріп тұр. Қытайдың орталық театрында қазақ домбырасының үні күмбірледі. Шығармашылық өнер орталығы Бейжің қаласының қақ ортасы Тяньаньмень алаңының қасында орналасқан.

Ли Чанцзюнь, Бейжің ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі:

– Біздің ұлттық аспаптар оркестрі қазақ және өзге елдердің музыкасын орындайды. Менің ойымша, музыка мен мәдениет бүкіл әлемді біріктіретін дүние. Өйткені музыка араласудың ең оңай жолы. Мұнда тіл секілді ешқандай кедергі жоқ, бір-бірімізге нота жіберіп, бірге музыка ойнауымызға болады.

Бейжің ұлттық аспаптар оркестрінде домбыра үнінің қосылғанына біраз жыл өтті. Биыл жыл соңына тағы бір үлкен концерт жоспарланған. Әлбете онда да қазақтың ұлттық аспабы шертіледі. Шығармашылық бірлестік жетекшісінің айтуынша, шетелдік өнер ұжымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу басты назарда. Бірақ өткен жылдары пандемия кедергі келтірді.

Ли Чанцзюнь, Бейжің ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі:

– Қазақстандық музыканттармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігіміз болады деген үмітім бар. Өзіміздің домбырашымыз бар, бірақ өзара әрекеттесіп, бір-бірімізден үйренсек деп едік. Мысалға, бір жағынан біздің домбырашы, екінші жағынан, қазақ өнерпазы музыка орындайтын концерт ұйымдастыруға болар еді.

Оркестр үнемі музыкалық тәжірибелер өткізеді, заманауи туындыларды Қытай және өзге ұлттық аспаптарға бейімдейді. Жылына 300-ге жуық концерт өткізеді. Алайда коронавирустың өршуі өнер саласына да кері әсерін тигізді. Қазір өнерпаздар репетиция жасай алмайды.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева