СҚО-дағы Преснов ауылының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр

 Өйткені желтоқсан айының соңында су құбыры бірнеше жерден жарылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апаттың салдарынан қазір тіршілік нәрі кестемен беріледі.

Алты мыңнан астам халқы бар Пресновка ауылының тұрғындары қақаған қыста тіршілік нәрінен таршылық көруде. Бұл әсіресе қызмет көрсету саласының мамандарына ыңғайсыздық тудырып отыр.

Наталья Стрельникова, шаштараз:

– 25-нен бастап осындай жағдай. Жаңа жыл мерекесі күні су екі сағатқа ғана берілді. Ал бірінші қаңтар мүлдем болмады. Қазір міне тамшылап тұр. Салдарынан шаштараздағы жұмыс тоқтады. Себебі клиент жоқ.

Ауылға су қазір сағаттап кестемен беріледі. Тұрғындар сол кезде ыдыстарын толтырып, қамданып алулары тиіс. Бәрінен де зейнет жасындағыларға оңайға соқпай отыр.  

Любовь Пугина, Пресновка ауылының тұрғыны:

– Мен 64-те, анам 90-да. Қазір суды үнемдеп пайдаланып отырмыз. Тамақ пісіріп, ыдыс жуу керек. Сондықтан шүмектің ауызын күзетуден басқа амалымыз жоқ.

Ал краннан алып үлгермегендерге тіршілік нәрі көлікпен, көрші ауылдардан жеткізіледі. Бұл жұмыстарға бірнеше техника жұмылдырылған.

Сансызбай Рамазанов, көлік жүргізуші:

– Осы жерден 40 шақырым жер. Күніне екі рет әкелемін, таңертең және кешке. Осы жерде тұрамын. Сосын басқа көшелерге барып тұрамын. Жұрт ыдыстарымен алып кетеді.

Пресновка ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін мұнда 2001 жылы 15 шақырымдық құбыр төселіпті. Желтоқсан айының соңында тозығы жеткен магистарль үш жерден жарылған. 

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:

– 140 метр құбыр айырбастадық. Екі құдықтан ақау шықты. Оларды да жөндедік. Сосын сорғыларын айырбастадық. Өйткені ақау шыға бастағанда бұрыңғы істеп тұрған сорғылар күйе бастады. Өйткені судың қысымы көп болды да, олар шыдамай жатты. Екісінен үшіне қарай сол ақауларды әзірге жойдық деп есептеймін. Содан бастап ауылға берген судың көлемін көбейтіп жатырмыз.

Суды кестемен беру көктемге дейін жалғасуы мүмкін. Күн жылыған соң жергілікті билік аталған желіні жаңалауды жоспарлап отыр. Себебі оның әлі 6 шақырымы жаңалауды талап етеді.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев