Біртановтың қылмыстық ісінде жаңа 8 том пайда болды

Біртановтың қылмыстық ісінде жаңа 8 том пайда болды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қылмыстық ісінде жаңа  сегіз том пайда болды.

Бірақ айыпталушының өзі және оның қорғаушылары бұл материалдармен танысып үлгірмеген. Бұл туралы соттың алдын ала тыңдауы барысында белгілі болды. Сондай-ақ отырыста экс-министр Елжан Біртанов істі басқа тергеу органына тапсыруды сұрады. Ол тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жүргізуін талап етті. Бұған дейін қылмыстық іс бойынша тергеуді Прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген. 

Елжан Біртанов, Қазақстан Республикасының бұрынғы денсаулық сақтау министрі:

- Істе бізге, яғни айыпталушыларға және қорғаушыларымызға белгісіз жаңа материалдар пайда болды. Бұл қайдан шыққан сегіз том? Айыптап отырған орган бізге тағы қандай заңсыз «тосынсый» дайындады? Біз бұл сегіз томдағы материалдармен танысқан жоқпыз. Сонда бізді заттай дәлелдемелерді қарап шығуға мүмкіндік бермей соттайды ма? Бұдан бөлек мен тергеуге алынған істі басқа қылмыстық істерді тергеу органына тапсыруды талап етемін. Осы бап бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігіне істі тапсыруды сұраймын.