Атыраудағы мұнай өнеркәсібінде жаңа жоба басталды

Мұнайлы өңірде өтіп жатқан дәстүрлі «АтырауМұнай және Газ» Солтүстік Каспий өңірлік көрмелерінің тарихында алғаш рет ауқымды іскерлік бағдарламамен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының ғылыми-зерттеу және инжинирингтік орталығы қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаның тұсаукесеріне ірі мұнай-газ операторларының және ұлттық компанияның еншілес және тәуелді компанияларының басшылары мен негізгі мамандары жиналды.

Мұнай өндіру процестерін цифрландыру саласындағы қазақстандық инженерлер мен бағдарламашылардың озық жетістіктері енді қолжетімді бола түспек. Көрме аясында ҚМГИ ауқымды бағдарлама ұсынды. Жиналғандар ғылыми-зерттеу орталығының мүмкіндігімен танысты. Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған семинарда жаңа жоба туралы толық мағлұмат берілді.

Бақытжан Хасанов, «KMG Engineering» компаниясының бас директоры:

– Бұл толықтай отандық өнім. Оны өзіміздің өнідірістік базада жасақтадық. Былтыр 5 модуль іске қосылды. Биыл тағы 12-і жасақталу үстінде. Бұл модульдер мұнайгаз өнеркәсібінде үлкен сұранысқа ие. Біз енді өзіміздің еншілес компаниялардың өкілдерін оқытуды қолға алдық.

Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінде жүздеген шетелдік компания жұмыс істеп жатыр. Олар салаға ең озық технологияларды әкелуде. Сондықтан отандық мұнайшылар да бәсекеге төтеп бере алатындай деңгейде болуы тиіс.

Дамеш Джуламанова, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ трансформация және цифрландыру департаментінің директоры:

– KMG – көп салалы компания. Барлау-бұрғылаудан бастап мұнай өндіру, өңдеу тасымалдау барлығын қамтиды. Сондықтан жаңа ақпараттық жүйе саланы цифрландыру арқылы отандық компанияларға әлемдік стандарттармен жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

Көрмеге қатысушылар «KMG Engineering» мұнай-газ секторы қызметкерлері үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өндіріс барысында кенді зерделеудің цифрлық әзірлемелерімен іс жүзінде танысты.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов