Енді 10-15 жылда елдегі электр қуатының тапшылығы 40%-ке жетеді

«Бұл мәселені Атом электр стансасын салғанда ғана шеше аламыз», - дейді мамандар. Бірақ дәл осы Атом электр стансасын салуға қатысты отандық энергетиктердің пікірі екіұдай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Алматыда жиынға қатысқандардың бір бөлігі бұл – тұрақты, әрі ең арзан энергия көзі десе, енді бірі қоршаған ортаға зияны мен ядролық қалдықтардың қауіп туғызатынын айтады. Ал, елде қуат тапшылығы болмау үшін электр стансасын салуға тездетіп кірісу керек. Бірақ ол қандай отынмен жұмыс істейді? Әзірге, газ, көмір, атом электр стансаларының тиімділігі мен олқы тұстары, шығыны талқыланып жатыр. Ал атом электр стансасын салуға инфрақұрылымдық әлеуеті бар екі жер таңдалған. Оның бірі – Абай облысындағы Курчатов қаласының, екіншісі – Алматы облысындағы Үлкен елді мекенінің маңы. Бұған шетелдік атомдық технологиялар вендорлары 13 заманауи реактордың жобасын ұсынған. Бұл да зерделеніп, зерттеліп жатыр. 

Тимур Жантикин, «Қазақстандық Атом Электр Станциялары» АҚ Бас директоры:

Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде максималды электр жүктемесі қазіргі 15,8 көрсеткіштен, 2035 жылы 23 гигаваттқа дейін өседі. Атап айтқанда, электр энергиясын тұтыну 2021 жылы сағатына 113,9 тераватт болса, 2035 жылы сағатына 153 тераватт қажет.

Әсет Наурызбаев, энергетик:

Негізгі, мәселе – ядролық қалдықтар. Атом электр стансасынан қалдық шығатынын ұмытып кетеміз. Ядролық отын ыдырағанда, радиоактивті изотоптар пайда болады. Бұл изотоптар еш жерде жоғалып кетпейді, олар мыңдаған жылдар бойы сақталады. Осы мыңдаған жылдар бойы оларды қарулы адамдар қорғауы керек. Өйткені осы қалдықтарды ұрлап, ядролық бомба жасау арқылы әлемді бопсалауды көздейтін теріс пиғылды адамдар да шығуы мүмкін.