Мәжіліс төрағасы Маңғыстауға барды

Ерлан Қошанов Президент реформаларының басым бағыттарын түсіндіріп, жаңа нормаларға жайлы кеңірек айтып берді, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәжіліс төрағасы Конституциялық соттың құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілуі әділдік іздеген азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген нормаға қатысты өз ойын білдірді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Ең алдымен ел алдында тұрған биік мақсаттарға қол жеткізу үшін халқымызға ауызбірлік керек. Ендігі кезекте Президентіміздің жанына топтасып, ел өміріне оң өзгеріс әкелетін реформаларды жүзеге асыруға атсалысуға тиіспіз. Осы орайда маңғыстаулық азаматтарымыздың Мемлекет басшысына тірек болатынына сенімдімін.

Кездесуде Палата Спикері Маңғыстау өңіріндегі бірқатар мәселеге тоқталып өтті. Олар – ауыз сумен қамтамасыз ету, жұмыссыздық, жем-шөп тапшылығы және тағы басқа әлеуметтік жайттар.

Жәнібек Қожық, қоғамдық кеңес мүшесі:

Тоқаев мырза ҚР Конституциясына қолын қойып тұрып Ант етті. Мен ҚР Конституциясын бұлжытпай орындауға салтанатты түрде халық алдында Ант етемін деп. Сондықтан да дүние жүзі алдында халықтың алдында өзі ант берген конституцияны бұлжытпай орындап келеді.

Сапар барысында Мәжіліс Төрағасы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетін аралап, оқытушылармен және студенттермен әңгімелесті. Алдағы саяси науқанға үн қосып, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай қызмет етуге шақырды.

Даржок Сейбағытұлы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:

Егемендікпен жолын салып берген қаһарман бабаларымыздың аруағы үшін еліміздің болашағын нығайту үшін тыныштығын сақтау үшін аузымыз бір болуы керек. Ұйымшыл болуымыз керек ағайындар. Сонда ғана біз тәуелсіз боламыз.

Сонымен бірге Ерлан Қошанов «Қошқар ата» қалдық қоймасына барып, өңір экологиясын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аят Сүгірбай, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Маңғыстау жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдап жатыр деп айта аламыз. Өңірлерді, ауылдарды аралап жүрміз. Жақсы қабылдап барлық сұрақты қойып жатыр. Сондай тарихи шешуші сәтте бірлігімізді танытып, мемлекет басшысының қасына топтасып, елімізді ары қарай дамытуға өз үлесімізді қосатынымызға сенімдімін.

Сапар соңында «Total» компаниясының мұнай кен орындарындағы жұмыскерлермен кездесті. Өз кезегінде мұнайшылар Президенттің саяси реформаларын қолдайтынын жеткізіп, референдумға қатысатынын айтты.

Авторы: Мирлан Алтынбек