Министр Қайырбек Өскенбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды

Президент тапсырмасының орындалу барысымен танысу үшін бүгін Жамбыл облысына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жұмыс сапарымен барды.

Қайырбек Өскенбаев алдымен Сарысу ауданындағы инвестициялық жобалардың мүмкіндігін бағамдады.  "Еурохим" 1 млрд долларға минералды тыңайтқыштар кәсіпорнының құрылысын бастаса, Түрік елінен келген YILDIRIM HOLDING компаниясы 123 млдр теңгеге кальциленген сода шығаратын зауыт салып жатыр. Министр Қазфосфат зауытындағы жаңа цехтың ашылуына да қатысты. Бұрын 500 мың тонна аммофос өндірген кәсіпорын, енді екі есе көп көлемде тауар шығарады. Оның басым бөлігі ішкі нарыққа жөнелтіледі. Отандық шаруаларды қолдау үшін, компания 2024 жылға дейін аммофос бағасын көтермейді. Жалпы, жаңа цехта 500 жаңа жұмыс орыны ашылды. Жоба құны 72 млдр теңге.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- 36,4 млрд долларға сырттан өнім алып келеміз. Біздің жоспарымыз сол 36 млрд өнімді сыртан әкелетін, ішкі Қазақстаннан шығарсақ па деген. 700 жобадай дайындап қойдық. 158 жобаны биыл іске қосамыз ба деп отырмыз. Соның бір бөлігін міне бүгін ашып отырмыз. 

Ғазиз Дарисов, Қазфосфат ЖШС құрылыс департаментінің директоры:

- 33 ай жобамен келісілген. Біз 23 ай ішінде осы зауыттың екінші кезеңін бітіріп отырмыз. Өңірдің ғана емес, еліміздің өркендеуіне, экспорттық потенциалын көбейтуге атсалысады. Екінші кезең салық жағынан қосымша 16 млн долларға дейін өңірге салық жағынан көбейтіледі.