Елордада «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

Ел астанасында туған жерін түлетуге атсалысып, әл-ауқаты әлсіз топтарға көмек қолын созып, шарапат шуағын шашып жүрген бір топ азаматқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығы табысталды. Конкурс жеңімпаздары онлайн-дауыс беру қорытындысы бойынша «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» деп аталатын 5 номинация бойынша анықталды. Әр өңірден іріктелген 50 қайырымды жанның әрқайсысы өз ауылын, қаласын дамытуға зор үлес қосып, мұқтаж жандарға көмектескен.

Айбек Беделханұлы, қоғамдық қордың жетекшісі:

– Қазақтың бір байы бүкіл бір елді асыраған. Дәл соны жаңғыртатын болсақ, біздің мемлекетімізде тепе-теңдік сақталады деп ойлаймын. Ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен, қыста көмірмен мынау мектепке барар жол акциясы аясында бірнеше балаларға мектеп формаларын алып беру. Айта берсе, өте көп біздің жобада.