Құланды ауылының тұрғындары әлеуметтік жобаларды бірлесе жүзеге асырып келеді

Маңғыстау облысындағы Құланды ауылы көпке үлгі. Ынтымағы жарасқан тұрғындар әлеуметтік нысандарды өздері тұрғызып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен кезінде Қамбар ата түлігін өсірген кеңшар ретінде республикаға танылған. Белсенді азаматтар ауылға кіреберіс жерге арнайы белгі орнатуға қаржы жинап, құрылысын жүргізіпті. Жуырда көпшілік болып екі құдық қазып, тұщы су мәселесін де шешкен.

Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылдық округінде 1800-дей үй бар. Елді мекен тұрғындары өздеріне қажетті әлеуметтік жобаларды бірлесе жүзеге асырып келеді. Мәселен, қаржы жинап мектептегі спорт залды жөндеген. Қазір Мәдениет үйін қалпына келтіріп жатыр. «Ең маңызды тірлігіміз – қос құдық қазып, өзімізді және малымызды таза сумен қамтыдық. Жасыл-желек суаруға да жеткілікті», – деп отыр.

Сәбит Төкенов, ауыл тұрғыны:

- Құдықтардың көбі ащы. Жылқы малы ішпейді. Өрістен қазылған құдық. Суы жақсы, мол. Мұның бір қызығы – тұщы.  

Төлес Салықбайұлы, ауыл тұрғыны:

- Қазір бізде тоқ та бар, су да бар, интернет те бар. Мына жігіттердің талабы тасысын деймін. Халыққа қызмет етіп жүр.

Кезінде үйір-үйір жылқы бағылған Құланды ауылына биыл 40 жыл толды. Мерейлі датаға орай елді мекенге кіреберіс жол жиегіне тұлпар мүсінін орнатуға халық болып атсалысқан. Жергілік әкімдік мамандары жастардың бос жүрмей, жұмыспен қамтылуын аға буынмен ақылдаса отырып атқарып келеді.

Санат Төкенов, Құланды ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі жұмыссыз болып тіркелген 45 адам бар. 32-сін жұмыспен биылғы жылы қамтыдық. Жылдың аяғына дейін енді қолымыздан келгенше бұл жұмыссыздықты түбегейлі жоймағанмен, енді жоғары дәрежеде жұмыс жасайтын боламыз.

Биыл Құланды Маңғыстау облысында үздік ауыл атанды. Осы елді мекенді басқарып отырған азамат республикалық байқаудың өңірлік кезеңінде жеңімпаз танылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев