Қазалы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа беріледі

Қызылорда облысының Қазалы ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі.

Олардың қатарында  250 орынды мектеп пен 140 орынды балабақша бар. Жаңа нысандар ескі ғимараттардың орнына салынып жатыр.

«Өрімтал» балабақшасының жаңа ғимараты желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ата-аналар да ашылуын асыға күтіп жүр. Өйткені бала санының көбеюіне байланысты ескі бөбекжай тарлық ете бастаған. 

Айгүл Башен, Қазалы ауданының тұрғыны:

- Ғимаратты аралап көріп тұрмыз. Бөлмелерін де көріп отырмыз балалардың. Әдемі ұйымдастырылған. Үш немеремді осы ғимаратқа алып келеміз, құдай қаласа.

Бұрынғы ғимарат 90 баланы ғана қабылдауға қауқарлы болса, жаңасы 140 орынға лайықталған. 

Ержан Төлегенов, Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері:

- Ойын бөлмесіндегі барлық құрал-жабдықтарымен қазіргі заманауи балаларды оқыту педагогикасына сәйкес электронды тақталармен қамтамасыз етілген, теледидарлар орнатылған. Әртүрлі санитарлық топтар және әртүрлі мамандарға тиісті кабинеттер жеке қарастырылған.

Аудан орталығындағы номері 170 мектептің де оқушылары жыл соңына дейін жаңа ғимаратқа көшуі мүмкін. Өйткені 250 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Тек ішкі әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттанддыру ғана қалып тұр.

Талант Шаттықов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Өздеріңіз көргендей бардюр қойылып жатыр. Толық материалдар жеткілікті. Желтоқсанның аяғына дейін мектеп беріледі.

Биыл Қазалы ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алған, дейді мамандар. Көп ұзамай Түктібаев ауылында спорт кешені, Құмжиек елді мекенінде клуб үйі ашылмақ. 

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов