Ұлытау облысында жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр

Тек Жаңаарқа ауданында 84 мың гектар жер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Енді жер телімдері ауыл тұрғындарының игілігіне берілетін болады. Бұл – Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен ауылы. 2 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде қазірдің өзінде 20 мыңнан астам жылқы өреді. Ал қолдағы бірді-екілі ірі қара мен ұсақ малды көбейтуге ниетті ағайынға жайылымдық жердің болғаны жақсы.  

Медет Сәденов, Жаңаарқа ауданының тұрғыны:

- Мал басы өсіп келе жатыр. Соңғы уақытта ауылдағы тұрғындардың көбісінің тірлігі малда, өздеріңіз білесіздер. Сондықтан елдің бәрі бір басын екеу қылып, содан нәпақа тапқысы келеді. 

Ауылдықтардың өтініші бойынша тексеріс жасаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандары елдімекеннің дәл іргесінде 84 мың гектар жайылымдық жерді анықтаған. Кадастрлық құны 130 млн теңгеден асатын аумақты ертеректе ұзақ мерзімге жалға алған ірі серіктестіктер 10 жылдан астам уақыт пайдаланбай келген.

Ернар Баянғазин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Кейбір жауапкершілігі шектеулі серіктестер бар, 49 жылға жерді алған. Бүгінгі таңға дейін сол жерді пайдаланбай жүргендері белгілі болды. Қазіргі таңда әкімдік өз өкімімен ол жерді мемлекеттің қорына қайтарды. 

Қайтарылған жайылымдық жерлер сол ауылдың қорына берілді. Ал, оны шаруаларға үлестіру заң аясында жүзеге асады. Жалға беру кезінде ірі компаниялар емес, ауылдағы қарапайым азаматтардың тілегі ескерілетін болады. 

Юржан Бекқожин, Жаңаарқа ауданының әкімі:

- Алдымызда тұрған мақсат тағы да 20 мың гектар жерді осы елдімекен жерлерін ұлғайтуға жұмыс жасаймыз. 150 мың гектардай жер жылдың аяғына дейін қайтарылатын болады деп жобалап отырмыз.

Бертінге дейін тіршілігі тек өндіріспен сабақтасқан өңірде соңғы жылдары мал басы қарқынды өсіп келеді. Сондықтан елдімекендердегі жайылымдық жерлерді ұлғайту жұмыстары жалғаса береді. Мұндай шаралар облыстың өзге де аудан-қалаларында жүргізілуде.

Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев