Павлодар жұртшылығы Даңқ алаңына жиналды

Павлодар жұртшылығы жылдағы дәстүрге сай Даңқ алаңына жиналды.

Батырлардың ерлігіне бас иіп, соғыс қаһармандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Ескерткішке гүл қойып жатқандардың санында есеп жоқ. Ертіс өңірінен Отан қорғауға аттанған 46 мыңдай адамның тең жартысы майдан шебінен оралмаған. Бірақ соңғы жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар жайында тың деректер табыла бастады. Тарихшылар әскери мұрағаттарды ақтарып, жаңа есімдерді анықтаған.  

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

-Жеңіс күнін павлодарлықтар батырлар рухына тағзым етуден бастады. Ұрпағының болашағы үшін кеуделерін отқа тосқан жандардың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылғаны сөзсіз. Бір ғана Павлодар облысынан 32 Кеңес Одағының батыры шықты. Ал Даңқ алаңындағы мәрмәр тақтаға соғыстан қайтып оралмаған әрбір жауынгердің аты-жөні жазылған. Алдағы уақытта бұл сандар өзгеруі мүмкін. Өйткені мұрағат қызметкерлері мен тарихшылардың соңғы зерттеулері Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағаттан екі жүзге тарта отандасымыздың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын растайтын құжаттарды тапқан. Оның 11-і Павлодар облысының тумасы. Қоғам белсенділері бұл іспен 2007 жылы әскери мұрағаттан құпиялылық режимі алынған сәттен бері айналысып келеді. Маңызды деректер туралы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбжан  Шахматалиев ағамыз толықтырады. 

Әбжан Шахматалиев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы: 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Атап өту керек, «Ұмытылмаған қаһармандар» жобасы тек Павлодарда жүзеге асып жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын құрылған қозғалысқа облыстық мұрағат, Ардагерлер Кеңесі және қоғам белсенділері мұрындық болған. Ресми құжатсыз тарихи әділдік орнату мүмкін емес. Мұрағаттағы құжаттардың құпия сақталуы отандастарымыздың майдан жылдарындағы ерліктерін терең  зерттеуге мүмкіндік  бермеді.  Бұл жоба әрі қарай жалғасады. Өкінішке орай, ардагерлер арамыздан кетіп жатыр. Павлодар облысында көзі тірі 12 майдангер  қалды. Мамырдың 7-сінде олардың ең жасы  96 -ға толды. Мереке қарсаңында соғыс ардагерлерінің жеке шоттарына 2 миллион теңгеден қаржы аударылды. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ.