Көкшетауда жеңіс мерекесін 8 ардагер қарсы алды

Ақмола облысынан майданға 90 мыңға жуық адам аттанған.

Ал олардың тек 37 мыңы ғана елге аман сау оралды. Оқ пен оттың ортасынан келген батырлар қатары жыл санап кеміп келеді. Мәселен, былтыр аймақта Жеңіс күнін 14 ардагер тойласа, биыл көзі тірі 8 майдангер ғана қалған. Көкшетауда өткен шара барысында жиналған халыққа соғыс жылдарынан сыр шертетін театрландырылған қойылымдар ұсынылып, «Мәңгілік алау» мемориалды кешенінде қан майданда қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.

Айта кетейік, биыл Ақмола облысында соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 1,5 млн теңгеден сыйақы берілді. Ал мерекелік шара кешкі сегізге дейін жалғасады.

Үмітжан Нығметова, тыл ардагері:

- Бала күнімізде соғыстың шетін көрдім. Ештеңеге шамамыз келмейді, соқаға жегілген сиырды айда деп қолымызға таяқ береді. Соны айдаймыз. Жалаң аяқ, жалаң бас. Жаңбыр болады, киім жоқ ол уақытта. Біздің соғысқа қосқан үлесіміз үлкен. Сондықтан ондай соғыс болмасын. Қазақ елі көркейе берсін дегім келеді.