Биыл елордада қанша шақырым веложолақ салынады?

Астанада велосипедке арналған жол тапшы.

2016 жылдан бері қалада 94 шақырым ғана веложолақ салынған. Дегенмен, 6 жыл бұрын әкімдік бас шаһарда 1700 шақырым салынатыны туралы жобаны бекіткен. Яғни, бүкіл қала жайлы және қауіпсіз веложолдармен жабдықталуы тиіс еді. Бірақ, бұл жоспар тек қағаз жүзінде қалды. Жұмыстың 10%-ті ғана орындалған. 

Елорда тұрғыны Сандуғаш Байқуаныш керек жерлеріне 3 жылдан бері велосипедпен барады. "Алайда қалада ары-бері қозғалу өте қауіпті",- дейді. Әсіресе таңертеңгі қарбалас кезінде жүру мүмкін емес. "Проблеманың туындауына қаладағы инфрақұрылымның нашарлығы себеп", - дейді. Айтуынша, көп жерде велосипед жолдары атымен жоқ.

Сандуғаш Байқуаныш, қала тұрғыны:

- Әрине, бізде велосипед жолдары бар. Бірақ шындап келгенде, тек аты ғана. Арнайы жол деп айтуға ұяласың. Тек арнайы бояумен бояп қойған. Онда жүру мүмкін емес, ол үшін Үкімет көп тер төгу керек. Мысалы, мен наурыз айынан бастап велосипедпен жүріп бастадым. Соның өзінде екі рет сервис орталығына апардым. Қауіпті болса да, мен үнемі жол жиегімен жүруге мәжбүрмін.

Әкімдік жыл сайын мәселені шешеміз, деп уәде береді. Инфрақұрылымдық жобалар қағаз жүзінде бекітілгенімен, іс жүзінде жүзеге асып жатқан жоқ. Айтылған сөз, берілген уәде лезде ұмытылады. Мысалы, былтыр  шенеуніктер бір жыл ішінде 123 шақырым салынады деп айтты. Алайда, іс аяқсыз қалды, дәлірек айтсақ, басталған да жоқ. Жауаптылардың уәжі дайын. «Оны істейтін қаржы жоқ», - дейді.

Қыдыр Жиенәлі, қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы:

- 2020 жылы сараптаманың оң нәтижесін алды. 2021 жылы 7,5 шақырым веложол салынды. 2022 жылы қаражаттың болмауына байланысты жұмыстар тоқтатылды. 2023 жылы қаражат бөлінуіне байланысты жұмысты қайта бастаймыз деп отырмыз.

Астананың веложолдары бір-біріне ұқсамайды. Түсі де, ені де, таңбалары да әр түрлі. Мұның бәрі елде бірыңғай стандарттың бекітілмегені себеп. Мамандар: «Жаңаларын салмас бұрын алдыңғы салынғандарына мән беру керек», - дейді.

Гаухар Дастанова, қалалық көлік сарапшысы:

- Әркім өз қалауы бойынша салады. Ұстанатын стандарт бар, бірақ олар барлық мәліметтерді толыққанды қамтымайды. Мұндай жоспар, веложолдың түсі қандай болуы шарт,  велосипед жолы кемінде 1,5 метр, асфальт-бетон жабыны болуы керек деген стандарттар бар. Бірақ шағын нюанстар бар, қоқыс жәшігі болуы керек пе, қандай өлшем деген секілді стандарт қарастырылмаған.

Астана әкімдігі тағы бір кезекті жобаны бекітті. Құжат бойынша мегаполисте  87 шақырым велосипед жолы салынуы керек. Қазір қаржыландыру жағы қарастырылып жатыр. Іске асыру мерзімі әлі беймәлім.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы