Түркістан облысындағы Айнатас ауылына таза ауызсу келді

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Айнатас елді мекеніне таза ауызсу тартылды.

Ауылдың іргесінде суды сақтауға арналған резервуар құрылысы жүргізіліп, заманауи кешен салынды. Жылдар бойы тіршілік нәрін тасып ішкен тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Көптен күткен таза ауызсуды ауыл тұрғындарының бәрі ішіп көрді. Сапасы жақсы дейді. Жігерген ауылдық округінің Айнатас елді мекенінде 130-дан астам түтін, 700-дей халық тұрады. Ауылда бұрын орталықтандырылған ауызсу құбыры болмаған. Сол себепті тұрғындар жылдар бойы тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр болыпты.

Талғат Төребек, Айнатас елді мекенінің тұрғыны:

- Бұрын ауызсу жоқ еді. Мына піспелі құдықтан ішуші едік немесе бұлақтан тасушы едік. Ауданға барып, осыны жазып, өтініш қылып, таза су келіп, қуанып жатырмыз. Тағы ауылымызда жақсылықтар бола берін, көбейе берсін дейміз. Рахмет, барлықтарыңызға.

Су тарату станциясы ауыл маңындағы биік төбенің үстінде орналасқан. Мұнда су жинайтын 100 текше метрлік 2 резервуар салынып, 2 ұңғыма қазылды. Ауыл халқын сапалы ауызсумен үшін ұзындығы 20 шақырым құбыр тартылыпты. Жоба құны 275 млн теңге. Жалпы Қазығұрт ауданында 62 елді мекен болса, оның 56-сына ауызсу құбыры тартылған. Ендігі мақсат - Рабат елді мекеніндегі Ақбура бұлақ көзінен су ішетін 9 ауылды тіршілік нәрімен тәулік бойы қамту. Ол үшін бұлақ басынан қосымша 1000 текше метрлік су жинау қондырғысы салынып жатыр.

Тұрдалы Абдақимов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Құрылыс жұмыстары былтыр басталған, биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек, Тұрбат ауылдық округі  Қызылдихан елді мекенінде қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол да жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек тіршілік нәрін бұлақ көзінен алатын тағы 3 елді мекеннің ауыз су құбыры жаңартылуда. Жыл соңына дейін аудандағы 60 елді мекенді орталықтандырылған таза ауызсумен қамту жоспарда. Қалған 2 елді-мекенде жерасты суының қоры зерттеліп, барлау жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылға қарай өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту көзделіп отыр. 

 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов