СҚО-да ауызсу мәселесі шешіледі

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтитын 37 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Аймақта 250 шақырымнан астам құбыр тартылып, ескірген су тарату қондырғылары жаңартылады. Оған ел қазынасынан 18 миллилард теңге қаржы бөлініп отыр.

Якорь елді мекені Петропавл– Түмен тасжолының бойында орналасқан. Облыс орталығынан небәрі 20 шақырымдай жерде тұр. Ауылда шағын және орта бизнес, ауылшаруашығы құрылымдары бар. Десе де халық осы күнге дейін таза судан таршылық көріп келген болатын. Мәселе биыл шешімін тапты.

Людмила Марисова Якорь ауылына он жыл бұрын көшіп келген. Содан бері тіршілік нәрін қаладан тасып ішетін. Қазір бау-бақшамен айналысып, көкөніс егеді. Өйткені ауылдағы ағайынның машақаты  артта қалды.

Людмила Марисова, Якорь ауылының тұрғыны:

- Бұрын жеміс-жидекті аздап егетін едік. Себебі су кестемен берілетін. Оның өзі үйдің тірлігіне жетпей қалатын. Ал қазір міне тоқтаусыз ағып тұр.

Ауылда 700-ден астам түтін бар. Ал тұрғындар саны екі мыңнан асады.  Желілердің тоз-тозы шыққандықтан, құбырда қысым болмаған. Ал бүгінде халық таза суды үйлеріне тартып жатыр.  

Назым Мусина, Якорь ауылының тұрғыны:

- Әр үйде санузель бар, кір жуатын машина бар. Бұрын 09:00-ден 10:00-ғе дейін және 05:00-ден 10:00-ғе дейін беретін. Ал қазір енді тәулік бойы.

Аталған мәселе отыз жыл дегенде шешімін тапты.

Қуандық Шақұбаев Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

- Ел қазынасынан 460 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, ауыл ішінде 13 шақырымға жуық су тарату желілері жаңаланды. Мұнымен қоса 156 құдық орнатылды.   

Өңірдегі  600-ден астам ауылдың 220 –ында әлі сапалы су жоқ. 12 елді мекенге тіршілік нәрі көлікен тасымалданады. Әсіресе Тайынша, Айыртау аудандарында мәселе өткір тұр. 

Павел Шилов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы бастығының м.а:

- Республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлініп 37 жоба жүзеге асуда. Биыл 41 елдімекенде жұмыстар жүргізіледі. Шамамен 250 шақырым құбыр жаңғыртылатын болады. Осылайша жыл соңына дейін  екі мыңнан астам үйге су кіреді деген жоспар бар.

Жауаптылардың айтуынша 2026 жылға дейін аймақтағы барлық ауылдар таза сумен қамтылатын болады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков