Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалады?

Елімізде балалар мүддесін қорғауға 500 мыңнан астам педагог жұмылдырылған.

Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді. Сонымен қатар Бала құқықтары жөніндегі өңірлік 20 уәкіл осы бағыттағы проблемаларды шешу жұмыстарымен айналысады. Бүлдіршіндерді қорғауға үкіметтік емес ұйымдар да үлкен үлес қосып отыр. Еліміздегі 120-дан астам қоғамдық ұйым осы салада белсенді қызмет етіп жатыр.

Сондай-ақ вице-министр 2025 жылға қарай мектепте спорт секцияларының санын 70 мыңға ұлғайтылатынын айтты. Биылдан бастап 1 миллион 700 мыңнан астам бала мектепте тегін тамақтанады. Жалпы орта білім беру ошақ-тарында 3 млн 800 мың оқушы білім алып жатыр.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі – балаларды қорғау мен қолдау. Сондықтан еліміз бала құқықтарын қорғауға бағытталған. 15 халықаралық құжатқа қосылған. Қазақстан баланың өмір сүру сапасының халықаралық стандарттарына қол жеткізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Оларды жүзеге асыру бойынша нақты механизмдер қарастырылған. Балалар құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия, осындай 235 аумақтық комиссия, 20 мыңнан астам білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары мен ұйымдары айналысады.