Астаналық белсенділер гуманитарлық жүк жинады

Елордада белсенділерден құралған «Сауап» тобы тасқыннан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек беріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған дейін Ақтөбеге бір тонна жүк жіберсе, енді дәл сондай мөлшерде Батыс Қазақстан облысына азық-түлік пен заттар жөнелтпек. Қойма және транспортпен қамтамасыз ету үшін оларға өзге еріктілер де қол ұшын созды. «Сын сағатта аймақтардағы ахуалға бейжай қарай алмаймыз», – дейді белсенділер.

Сәмен Сәтмұхамбетов, қала тұрғыны:

- «Сауап» тобының алып келіп жатқан азық-түлігін қабылдап алып жатырмыз. Оны да бүгін-ертең осында жиналғаннан кейін үлкен-үлкен көліктерге тиеп, сол батысқа жібереміз деген ойымыз бар.

Абзалбек Сұлтанбек, «Сауап» белсенділер тобының жетекшісі:

- Су апатынан зардап шеккен тұрғындарға біз өзіміз қалыс қалмай, оралдық тұрғындарға да көмектесейік деп шештік. Атырау өлкесінде қапшық тапшылығы болып жатыр, естіп жатырмыз. Біз Атырауға енді жинауды бастаймыз.