Оралға Алматыдан көмек барды

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланғалы 700 тоннадан астам гуманитарлық жүк жиналған.

Соның бір бөлігі Алматыдан келді. Өңірдегі еріктілер заттарды қабылдап, сұрыптап жатыр.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қазір Алматыдан шұғыл түрде гиманитарлық көмек келе жатыр. Оған дейін біз де қарап тұрмай жолды ашып, мына жерді тазартып жатырмыз. 

Ассамблея жастары Оралдағы гуманитарлық көмекті қабылдайтын негізгі орындардың бірі. Ұйым осыған дейін жалпы сомасы 238 миллион теңге шамасында 110 тонна көмек жинап, соның 45 тоннасын су тасқынынан зардап шеккен аудандарға жіберген. Мысалы, Сырым ауданына 5 рет, Қаратөбе мен Бөрлі аудандарына 6 рет, Теректіге 1, Бәйтерек ауданына 4 рет жөнелтілген. 

Аяжан Ғалымжан, ерікті:

- Жалпы 30-40 шақты қызметкер бар. Одан бөлек сарбаздар келіп жатыр ауысыммен бірге. Гуманитарлық көмекпен бізді қамтамасыз етіп жатқан барша елге алғысымыз шексіз. 

Саясат Жарасов, жетекші:

- Орыс, татар, беларус, украин секілді этно мәдени бірлестіктер өздерінің үлесін қоса білді. Одан бөлек “Бірлік” әзербайжан бірлестігіне өз ризашылығымызды білдіреміз. Себебі 28 наурыздан бастап қоймаларды, транспорттық, логистикалық жұмыстарды жүргізіп отыр.

Көп ұзамай алматылықтар жіберген ауыр жүк көлігі де келді. Онда 15 тоннадай зат тиелген. Бұл Алатау баурайынан жеткізілген екінші гуманитарлық көмек. Осыған дейін Шымкенттен екеу, Түркістаннан 5 жүк көлігі келген. 

Рушен Рустем, жүргізуші:

- Жол алыс болды. 3 күн жүрдік. Гуманитарлық көмекті тездетіп жеткізуге асықтық. Мұнда киім, азық-түлік, гигиеналық заттар мен балаларға арналған заттар бар. Оралдықтар, сіздер жалғыз емессіздер. Барша жұрт сіздердің амандықтарыңызды тілеп отыр.

Гуманитарлық көмекті облыстан бөлек қала маңындағы үйі суға кеткендер де ала алады. Еріктілердің қолында ондай отбасылардың толық тізімі бар. Ал Өзбекстандық кәсіпкер Әлидің қызметі тіптен ерекше. Күніне 500 еріктіге тегін палау дайындайды. Ол 3 қазанның әрқайсына 20 келіден ет, сәбіз, күріш салып, тасқын сумен күресіп жатқандарға жөнелтеді. 

Әли Батырұлы, аспаз:

- Су тасқынын көрген соң таныстарыма хабарластым. Олар Оралға көп көмек керек деп айтты. Атырауға да кетпек ойым болды. Бұл жерде бауырларымыз көмектесіп тұр. 

Әли осыған дейін Түркиядағы зілзала кезінде де қарап қалмаған. Қайырымдылыққа жаны құмар ол Оралда бірнеше күн болып, әрі қарай тасқын сумен күресіп жатқан өзге өңірлерге аттануды жоспарлап отыр.

Мерей Қанапия, Диас Қобыланбаев